Алматы қаласында АҚ "Ұлттық төлем корпорациясы" алаңында Ұлттық Антифрод-орталықтың функционалын нығайту және дамытуға арналған стратегиялық кездесу өтті. Талқыланған негізгі тақырып — пайдаланушылардың мінез-құлқын сессиялық талдау негізінде алаяқтық әрекеттерді болжау механизмдерін енгізу арқылы Антифрод-орталықты дамытудың келесі кезеңіне өту, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында қатысушылар Антифрод-орталықтың қолданыстағы платформасының тиімділігін, әрі оның мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін атап өтті. Пайдаланушылардың сессияларын нақты уақыт режимінде қосымша талдауға, аномалияларды анықтауға және туындайтын тәуекелдерді проактивті түрде болжауға бағытталған технологиялық шешімдер қарастырылды.
Жеке деректерді қорғау туралы заңнаманың сақталуы және пайдаланушылардың мінез-құлқын сессиялық талдауының техникалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар өз шешімдерін ұсынып, Ұлттық Антифрод-орталық жұмысына жаңа құралдарды енгізуге дайындығын көрсетті.
ҚҰБ Төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов азаматтар мен банктерге қатысты жасалатын алаяқтық әрекеттерді болжау және алдын алу үшін проактивті талдауға көшу қажеттілігін атап өтті. АҚ "Ұлттық төлем корпорациясы" Басқарма төрайымы Жанар Самаева цифрлық қауіптердің қарқынды өсуі жағдайында Ұлттық Антифрод-орталық жұмысын күшейту басты міндеттердің бірі екенін, ал сессиялық талдауды қолдану проактивті қорғау деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар пайдаланушылардың әрекеттерін сессиялық талдаудың пилоттық жобасын іске қосу және алаяқтық әрекеттерді болжау тәсілдерін сынақтан өткізу туралы уағдаласты. Сонымен қатар, сессиялық шешімдердің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.
Қосымша ақпарат: Қазіргі уақытта Ұлттық Антифрод-орталық платформасына банктер, микроқаржы ұйымдары, телекоммуникациялық компаниялар мен мемлекеттік органдар қоса алғанда 200-ден астам қатысушы қосылған. Соңғы жыл ішінде 2,5 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық әрекеттердің жолы кесілді.