Астана қаласының алты стационарында медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет көрсететін күзет бекеттері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, аталған шара пациенттермен бірге келетін адамдардың медициналық персоналға шабуыл жасау жағдайларының жиілеуіне байланысты қабылданған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзетті ІІМ жүйесіне кіретін Полиция департаменті жанындағы мамандандырылған күзет қызметінің мамандары қамтамасыз ететінін нақтылайды.
"Медицина жұмыскерлерін құқықтық тұрғыдан қорғауды күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мақсатында Полиция департаментімен бірлесіп тәулік бойы күзет бекеттері ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік қызметін атқаратын болады. Азаматтардың құқыққа қайшы келетін әрекеттері туындаған жағдайда полиция қызметкерлері олардың алдын алу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы. Соңғы кездері дәрігерлерге қатысты негізсіз сипаттағы агрессиялық жағдайлар жиі болады. Дәрігер ауыр жарақат алған Қостанай облысындағы соңғы резонанстық жағдай осындай шаралардың қажеттілігін растайды",– дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев.
Бүгінде күзет бекеттері ересектерге арналған үш қалалық көпсалалы ауруханада, №2 қалалық балалар ауруханасында және екі республикалық клиникада ұйымдастырылды.
Жақын арада Полиция департаментімен бірлесіп №1 және №3 көпсалалы балалар ауруханаларында, сондай-ақ қалалық перинаталдық орталықта күзет бекеттерін орнату мәселесі пысықталуда.
Медицина жұмыскерлері аталған бастаманы қолдап, оның қауіпсіз және тұрақты жұмыс ортасын құруға ықпал ететінін атап өтті.
"Қауіпсіздік бекеттері – біздің іс жүзінде қорғалғанымыздың белгісі. Қабылдау бөлімінде тәулігіне түрлі жарақаттары бар, әртүрлі жағдайды басынан өткерген 400-ге жуық адам жүгінеді. Біз пациенттердің ғана емес, сонымен қатар олардың туыстарының да агрессиясына тап боламыз. Барлығы шұғыл көмекті қажет етеді, ал медициналық көмек Triage сұрыптау жүйесі бойынша жүзеге асырылатыны ескерілмейді. Әр пациенттің өзіндік "басымдық дәрежесі" бар. Бірақ, өкінішке орай, дәрігерге деген құрмет жоқ", – деді №2 көпсалалы қалалық аурухананың Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мәдина Табылдықызы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев физикалық күш қолданғаны және медицина жұмыскерлеріне қатыгездікпен қарағаны үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғанын естеріңізге саламыз.