What are you looking for?

«Мен Перизат емеспін!» – Баласының еміне 1,3 млрд жинаған ана өз шындығын айтты

01.08.2025

Қазақстанда 1,3 миллиард теңге көлемінде жиналған қайырымдылық қаражатының талан-таражға түсуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл соманы баласының еміне деп жинаған Толқын Тотақанова мен оның күйеуі жеке бас мүддесі үшін жұмсаған. Тергеу нәтижесінде Instagram жарнамасына жүздеген миллион, қымбат мүлік пен құмар ойындарға миллиондаған теңге шығындалғаны анықталған. Қазір ерлі-зайыптыға қатысты сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алайда аталған айыптауларға жауап ретінде Толқын Тотақанова Instagram желісіндегі парақшасында өз ұстанымын мәлімдеп, өзін қорғауға тырысты.

— Мені Перизат Қайратпен салыстырып жатыр. Бірақ мен ешқашан байлықта өмір сүрген жоқпын, пәтер де, қымбат көлік те алған емеспін, – деп жазды ол.

Оның айтуынша, бұл іске қатысты тергеу мен сот бір жылдан астам уақыттан бері жүріп жатыр және әзірге оның кінәсі дәлелденбеген.

— Қазір бұл істе жаңа резонанс жасап, сотқа қысым көрсету әрекеті жүріп жатыр, – деді блогер.

Толқын Тотақанова сонымен қатар өзін бірнеше жылдан бері қысым мен қорқытуға ұшырағанын айтып отыр. Ол баласын құтқару үшін жеке тұлғалардан жоғары пайызбен қарыз алып, өсіммен бірге 700 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға мәжбүр болғанын жеткізді.

— Мен бес жылдан бері шантаж, қорқыту мен өлім қаупімен өмір сүріп келемін. Бүгінде мен ресми түрде жәбірленуші ретінде танылдым. Бұл – мен үшін әділет іздеудің жалғыз жолы, – деп мәлімдеді ол.

Толқын Тотақанованың бұл жазбалары қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі оны қолдаса, енді бірі күмәнмен қарап отыр. Бұл жағдай қайырымдылық саласындағы ашықтық пен сенімді басқарудың маңызын тағы да алдыңғы қатарға шығарды.

Social Link

Follow Me On Social Media