ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен Asar Baspana қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Пирамида тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген. Тергеу барысында Н.М. Туғанбаев бастаған пирамида ұйымдастырушылары 86 мыңнан аса азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.
Шын мәнінде нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымы есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген. Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып Asar Baspana логотипімен таңбаланған.
2024 жылы желтоқсаннан бастап пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста Н.М. Туғанбаев 8 ақпанда Asar Baspana сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалған. Алайда тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес Gold деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне пәтер берілген. Platina бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға көлік берілген.
Не тәркіленді?
Агенттік 9 ақпанда 49 кеңсені және 81 күдіктінің тұрғылықты жерін тінтіген. Нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген. Сонымен қатар, Ақтау қаласында Туғанбаевтың бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуға тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылған. 1,2 млрд теңгеден аса сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.
11 ақпанда Н.М. Туғанбаев пен Н.Байтасовқа қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бойынша ауқымды операция жүргізіліп, Asar Baspana ұйымдастырушылары ұсталғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!