Қарағандылық әскерилер 8-ші наурыз мерекесі қарсаңында соғыс ардагері Мария Шинкевичті құттықтады. 31755 әскери бөлімінің оркестрі қарияның есігінің алдына келіп, соғыс жылдарындағы әуендерді орындады.
Мария Шинкевич 1945 жылдың тамыз айына дейін мергендер сапында болған. Беларусь және Украина жеріндегі кескілескен ұрыстарға қатысқан. Биыл 100 жасқа толатын кейуана: «Сұм соғыс талай жанның өмірін қиды. Сондықтан ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, бейбіт күнді бағалауымыз керек»,-дейді.
Қазір өңірде 8 соғыс ардагері бар. Оларға Жеңістің 80 жылдығына орай 5 млн теңгеден беріледі.
Мария Шинкевич, соғыс ардагері:
- Отаныңды құрметтеп, туған халқың үшін қызмет ету керек. Бейбіт өмірдің әр күні қымбат. Біз соғысты көрген адамбыз. Ол зұлматты жылдар енді қайталанбасын. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болып, біз үміт еткен сенім үдесінен шықсын. Ол үшін жастар білім алып, тек жақсылыққа ұмтылуы қажет.