Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – бұл тек білім беру ғана емес, болашаққа бағыт-бағдар көрсету. Сондықтан қазір мектепке дейінгі ұйымдарда балалар қабілетін қазақтың ұлттық құндылықтары арқылы дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мөлдір Молдағали, тілші:
- Мектепке дейінгі тәрбие жұмысындағы басты міндеттердің бірі – балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Сондай мақсатта балабақшада түрлі ұлттық нақыштағы бұрыштар дайындалған. Балалар тек топта отырмайды. Олар тәрбиешілерімен шығып, түрлі қазақтың қолданбалы өнерімен танысады. Бір бұрышта ісмерлік, ал екінші бұрышта осындай пазл түріндегі құрақ көрпе құрайды.
Қазір түрлі мекемеде жұма сайын ұлттық киім кию, ұлттық спортты насихаттау ісі белең алып келеді. Әсіресе, балабақша бүлдіршіндерін ұлттық құндылыққа баулу басты назарда. Айталық, 15 жылдық тәжірибесі бар мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Кәмшат Оспанова: «Балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмысымның басым бөлігі – ұлттық құндылықтарды дәріптеу», - дейді.
Кәмшат Оспанова, тәрбиеші:
- Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды осы балабақша жасынан бастап сіңірсек, ол біздің ертеңгі болашағымыз. Біздің қазақ болып қалыптасуға деген біздің үлесіміз болып табылады
Балабақша бүлдіршіндерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру ісі біз ойлағандай оңай шаруа емес. Тәрбиешілер оны үйрету мен көрсетудің түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеруі тиіс. Сондықтан осы тақырыптағы тәжірибелік сабақтар жиі ұйымдастырылады.
Фарида Даримова, балабақша меңгерушісі:
- Осындай өткізетін тәжірибелік сабақтарда өзінің шығармашылығымен бөлісетін, тәрбиешіні біз айтамыз ғой, әртіс бола білуі керек деп, сондай әртіс бола білетін, яғни, психологиялық тұрғыдан жақсы дамыған, зияткерлік тұрғыдан қалыптасқан баланы дамыту, ойната отырып дамыту – ол оңай шаруа емес.
«Сондықтан білім саласындағы әрбір педагог осы бағытта үнемі ізденіс үстінде жүреді», — дейді балабақша меңгерушісі Фарида Даримова. Ал ұлттық киім кию, ою-өрнектерді тану, күй тыңдау, ұлттық спортты тамашалау – бұл баланың эстетикалық танымын кеңейтетін маңызды құралдар қызметін атқарады.
Авторы: Мөлдір Молдағали, Асхат Қарқойшиев
Related items