2025 жылдың 11 наурызында Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ғылымды дамытуда және Қазақстанның әлемдік академиялық қоғамдастыққа интеграциялануында шетелдік университеттердің филиалдары маңызды рөл атқаруы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ғылым саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтаудың маңыздылығын атап өткенін айтты.
"Соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға оңтайлы жағдай жасалды. 6 жылда оны республикалық бюджеттен қаржыландыру 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 млрд теңгені құрады. 2029 жылға дейінгі ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, біз бұл саланы қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайтамыз. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті салалар бойынша үйлестіру мақсатында өткен жылы "Ғылыми-техникалық саясат туралы" жаңа Заң қабылданды, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бизнесті ғылымға инвестициялауды ынталандыру үшін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық жеңілдіктер енгізілгенін, ғалымдарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты шаралар қабылданғанын баса айтты.
"Ғылымның басым бағыттары бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ғалымдар тікелей қаржыландыруды алады. Жыл сайын 250-ден астам жас ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Докторантура бойынша оқуға берілетін білім гранттарының саны артуда.Жастардың ғылымдағы үлесі айтарлықтай өсті, бүгінде ол 46%-ды құрайды. Жастарды ғылымға одан әрі тарту үшін университеттің ғылыми зерттеулерін белсендірек дамыту қажет. "Қазақстанда ашылатын шетелдік университеттердің филиалдары ғылымды дамытуда және еліміздің әлемдік академиялық қоғамдастыққа интеграциялануында маңызды рөл атқаруы тиіс", – деп қосты ол.
Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне шетелдік жетекші университеттерді Қазақстанға тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
"Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғылымды қажетсінетін аумақтар – ғылым қалаларын құру арқылы ғылымның, технологияның және инновацияның дамуына серпін беруге болады. Ғылым жаңа жоғары технологиялық экспортқа бағытталған кәсіпорындарды ашуға ықпал етуі керек. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін арттыру қажет. Кәсіпкерлерге өндірісті локализациялауға және экспорттық өнім шығарудың жаңа технологияларын әзірлеуге көмектесу қажет. Әрбір институттың немесе университеттің мақсатты тапсырыстар мен шығындарды қоса қаржыландыруды қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын түріндегі өз серіктесі болуы керек. "Мұндай мысалдар бар", – деп жалғастырды Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-Министр Ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылыми институттар мен инновациялық өндірістік кәсіпорындардың аумақтық шоғырлануын ескере отырып, ғылым қалаларын құру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
"Әкімдіктер ұлттық экономика, ғылым және қаржы министрліктерімен бірлесіп, аймақтар бойынша ғылымды дамыту бойынша көрсеткіштер мен шараларды саралау жұмыстарын жүргізуі керек. Әрбір әкімдік ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу арқылы өңірлік ғылымды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауы керек. Ғылым және цифрландыру министрліктері осы жылдың соңына дейін Цифрлық ғылым порталын іске қосуы керек. Ол барлық ғылыми жобалардың, гранттардың, зерттеу нәтижелерінің және жарияланымдардың деректер қорын біріктіруі керек. "Біз сондай-ақ инновациялық жобаларды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыруды жеделдету үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануымыз керек", – деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов бірқатар өңірлерде су тасқыны кезеңі жақындап, қардың белсенді еруі аясында бірқатар тапсырмалар берген болатын.