Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында теміржол саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады , деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ол министрлік теміржол саласын цифрландырудың бес бағытын іске асыруда екенін атап өтті. Біріншісі – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру. Екіншісі – тасымалдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін бизнес-процестерді реинжинирингтеу. Үшіншісі – инновациялық экожүйе құру және цифрлық технологияларды енгізу. Төртіншісі – жолаушыларды OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен қамтамасыз ету. Бесіншісі – транзиттік тасымалдарды онлайн бақылау жүйесін енгізу.
«2024 жылы салада 5 мемлекеттік қызмет қолжетімді болды. Олардың барлығы электрондық форматта көрсетілді. Биыл Тізілім «Қауіпсіздік сертификатын беру» атты жаңа қызмет түрімен толықтырылды. Бір жыл ішінде 28 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 99%-ы онлайн форматта ұсынылған», деді Жаслан Мәдиев.
Жиында цифрлық технологияларды енгізу тасымалдың тиімділігін арттыратыны аталып өтті. Салаға келесідей цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Олар – магистралдық желінің цифрлық қосарланған моделін жасау, тасымалдарды жоспарлау үшін жасанды интеллект енгізу, вагон нөмірлерін бейне арқылы тану және «Вагон/жүк орнын анықтау» қызметін қосу, келу/кету дерегін анықтау үшін GPS-трекерлерден деректерді автоматты түрде қабылдау жүйесіне жіберу, вагон нөмірін тіркеу арқылы тоқтап тұру уақытын автоматты есептеу. Аталған шешімдер жұмыс сатыларын 45%-ға, ал бизнес-рөлдерді 35%-ға қысқартады. Басқару оңай әрі ашық болады.