Ол үшін республикада үлкен ғылыми мектеп болуы тиіс.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміз Нобель сыйлығын қашан алуы мүмкін деген сауалға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан "Қазақстаннан Нобель сыйлығының лауреаттары қашан шығады?" деп сұрады.
"Қиын сұрақ. Неге десеңіз, Нобель сыйлығын алу үшін үлкен бір ғылыми мектеп болуы керек. Оған мектептің нәтижелері үлкен бір үлес қосуы керек. Оны сосын Нобель сыйлығының комитеті қарап отырады. Нобель сыйлығын ешқашан бірден бермейді. Бір мысал келтірейін. Принстон университінің математигі ойындар теориясын жасаған. Оған бірден берген жоқ. Кейін "сіздің жасаған жаңалығыңыз шын мәнінде де үлкен өзгеріс әкелді" деп береді. Сингапур – дамыған ел. Осыдан 30-40 жыл бұрын тұңғыш сингапурлық Нобель сыйлығының иегерін шығарамыз үлкен бағдарламаны қабылдады. 80 млрд доллар бөліп, арнайы бағдарламамен жұмыс істеп келе жатыр. Әлі күнге дейін Нобель сыйлығының иегері. Біздің жоспарларымыз әлі жоқ", — деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Сөзінше, қазіргі ең бірінші кезектің мақсаты – ғалымдарды әлеуметтік қолдау бағытын күшейту.
"Екінші кезең – өндіріспен ұштастырып, нақты қолданбалы шешімдерді шығару. Үшіншісі – инновациялық кезең. Оған менің министр ретіндегі өмірім жете ме, жетпей ме. Бірақ, бұйырса жетеді. Нақты үлкен төрт-бесті бағытты айқындап, сол бойынша инновацияларды шығару. Ол көп бағыттар бола алмайды. Ол кезеңге біз 2025-2026 жылдан бастап көшеміз. Сосын бірнеше мамандандырылған бағытты талдап, күшімізді соған саламыз. Үлкен инновация болған жағдайда Нобель сыйлығы шығуы мүмкін", — деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Айта кету керек, осыған дейін министр Саясат Нұрбек депутаттың Назарбаев университетіне қатысты ұсынысын қолдағанын жазғанбыз.