Абай облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатқан 53 жастағы азамат өмірінде бірінші рет партаға отырып, сауатын ашпақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ата-анасы ішімдікке салынған ол бала кезінде екі кішкентай қарындасын асырау үшін ерте еңбекке араласқан екен.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, Абай облысындағы түрмелердің бірінде №2 жалпы білім беретін орта мектептің қолдауымен 21-53 жас аралығындағы адамдар сабақ оқи алады. Сол адамдардың арасында өмірінде бірінші рет партақа отырған 53 жастағы азамат ерекше көзге түскен екен.
"Балалық шағым жұмыс істеп, екі қарындасымды бағумен өтті. Әке-шешем көп ішетін, сондықтан, мені мектепке апарған да жоқ. Жастық шағым әртүрлі қамау мекемелерінде өтті. Осы жасқа келіп түсінгенім – егер білім алғанда тағдырым басқаша болар ма еді. Дегенмен, ештен кеш жақсы", – дейді сотталған азаматтың өзі.
Ал, қамау мекемесінің басшысы Жеңісбек Дәуренбеков білім – сотталғандар үшін түрмеден шыққаннан кейін жаңа мүмкіндік сыйлайтын құрал дейді.