What are you looking for?

Министр Арал теңізінің ұлтанына қанша гектар сексеуіл егілгенін айтты

11.03.2025

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуі керек.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев теңіздің құрғаған табанына сексеуіл отырғызу жұмыстары қалай жүріп жатқанына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Елдің бас экологының сөзінше, тәуелсіздіктен бері қарай, яғни 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 195 мың гектар аумағына өсімдік отырғызу жұмыстары жүргізілген.

– Қазақстанның үлесіне Арал теңізінің құрғаған түбінің 2,8 млн гектары тиесілі. Арал теңізінің экологиялық апатының кері әсерін азайтудың ең қолайлы жолы – құрғаған түбіне орман өсіру, сол арқылы борпылдақ тұздың бетін бекітіп, құмның жылжуына тосқауыл қойылады. Ел тәуелсіздігінің басынан 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 195 мың гектар аумақта өсімдік отырғызу жұмыстары жүргізілді. Табиғи жолмен өскен ағаштарды қосқанда, жалпы орман алқабы 337 мың гектарды құрады. 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстарын бастадық, – деді Е.Нысанбаев.

Министр соңғы 4 жылда теңіз табанының 475 мың гектар алқабына ағаш отырғызу жұмыстары атқарылғанын айтады. Сонымен қатар, 197 мың гектар аумаққа орманның табиғи өсуіне ықпал жасау жұмысы жүргізілген.

Арал теңізінің құрғаған алқабын сапалы көшеттермен қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік банк жобасы аясында былтыр Қазалы қаласында жылына 3 млн сексеуіл көшетін өсіретін 33 гектар аумақта орман тәлімбағы пайдалануға берілген болатын.

Еске салайық, былтыр "Арал теңізі ұлтанынан ауаға неше миллион тонна тұз бен құм ұшады?" деген қызықты тақырыпта мақала жариялаған едік.

Social Link

Follow Me On Social Media