8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесінде 103 жедел жәрдем қызметіне 22, 7 мың қоңырау түскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Оның ішінде 1147 шақырту бірінші санатқа, 6723 — екінші санатқа, 6220 үшінші санатқа және төртінші санат бойынша емханалар жанындағы бригадалар 8624 шақыртуға қызмет көрсеткен.
Ең көп шақыртулар Түркістан облысы, Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, одан кейін Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелген.
Бұл күні ауыр диагнозы бар пациенттерге 15 телемедициналық консультация беріліп, санитариялық авиация бір рет пациентке қызмет көрсеткен. Жедел коронарлық синдромы бар ер адам санавиация бортымен Құрманғазы кентінен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілген.
Қазіргі уақытта ел бойынша жедел медициналық жәрдем қызметін 20 дербес станция, 98 қалалық кіші станция және 232 аудандық бөлімше ұсынады.
Облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада, МСАК (емхана) ұйымдарының жанындағы шұғыл 4-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 446 бригада жұмыс істейді.