What are you looking for?

Павлодар әуежайы жұмысын тоқтатады

11.03.2025

Себебі жөндеу жұмыстары жүргізіледі .

Павлодар қаласындағы әуежай қызметінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Әуе арқылы жолаушыларды тасымалдайтын нысан 1 сәуір мен 1 қараша аралығында күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Негізі, әуежайдағы ұшу-қону жолағы былтыр жөнделуі тиіс еді. Алайда мемлекеттік конкурстар процесі тым ұзаққа созылып кетті. Кейін конкурстан қағылған компания нәтижемен келіспей сотқа шағымданды. Мұның соңы медативтік келісіммен аяқталды. Десе де, жөндеу жұмыстарының мерзіміне кері әсерін тигізіп, оны 2025 жылға шегеруге тура келді.

Жалпы, өткен жылы ұшу-қону жолағын жаңартуға 4 миллиард 800 миллион теңге бөлініп, бұл сома толығымен игерілген болатын. Ал биылға тағы 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджет қаржысы 967 миллион теңге, ал республикалық бюджет 617 миллион теңгені құрайды. Мұндай ауқымды жұмыс жүргізілмесе, келесі жылы Павлодар әуежайы тиісті лицензиядан қағылып, мүлдем жұмысын тоқтатуға тура келетін еді. Қазірдің өзінде аталмыш әуежай облыс орталығын Астана және Алматы қалаларымен ғана жалғап отыр.

Бұл ретте жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде, яғни 1 сәуір мен 1 қараша аралығында әуежай толығымен жабылады. Яғни, екі қалаға да ұшақ ұшпайды, рейстер қабылданбайды. Алайда тұрғындарға бұл туралы дер кезінде ақпарат берілмеген ұқсайды. Сол үшін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қоластындағыларды сынға алды.

"Сіздер 1 сәуірден бастап әуежай жөндеуге жабылатынын неге жариялаған жоқсыздар? Билеттерді сатуды тоқтатыңыздар, бірақ бұл туралы ешқандай хабарландыру болған жоқ. Бір айдан аз уақыт қалды. Адамдар алдын ала өмірін жоспарлау керек қой. Үнемі ақпаратқа монополия жасамай, жоспарда бар нәрсені алдын ала жеткізу керек", — деді Асайын Байханов.

Social Link

Follow Me On Social Media