Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған елімізде "педиатр бөлімінің жабылатыны" туралы ақпарат шындыққа жанасапайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Орталықтың Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап жазуынша, Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде отбасылық-бағдарланған тәсіл қолданылады.
Атап айтқанда, отбасы мүшелері біртұтас қарастырылады. Сәйкесінше, медициналық көмек көрсету де кешенді түрде жүзеге асырылады. Бұл үлгіде жалпы практика дәрігерлері шынында да маңызды рөл атқарады. Алайда бұл педиатрияның жойылуын немесе одан бас тартуды білдірмейді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 30 наурыздағы № 49 бұйрығының 105-бабына сәйкес, елде 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баланы қамтитын учаскелік педиатриялық учаскелер сақталған.
2025 жылдың маусым айынан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейінде педиатриялық бөлімшелер құрыла бастады. Олардың құрылымына педиатр кабинеттері, даму және ерте араласу орталықтары, вакцинация, мектеп медицинасын ұйымдастыру кабинеттері, тамақтану бойынша ресурстық орталықтар және басқа да мамандандырылған қызметтер кіреді.
Педиатриялық көмекті көрсетуді ұйымдастыру стандартымен педиатрлардың міндеттері, балаларды патронаждау тәртібі, денсаулық пен дамуға төнетін қауіптерді анықтау және жою шаралары бекітілген.
2025 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 100-ден астам даму және ерте араласу орталықтары ашылды. Онда ерекше даму қажеттіліктері бар балаларға мультидисциплинарлық мамандар тобы: педиатр, логопед, психолог, реабилитолог және басқа да мамандар көмек көрсетеді.
Бұл шаралар педиатриялық қызметті жүйелі түрде нығайтуға және әрбір балаға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
"Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды тек тексерілген ақпаратты жариялауға шақырады. Сенімді деректерді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органнан әрқашан алуға болады. Ол үшін салалық министрлікке eOtinish сервисі арқылы ресми сұрау жолдау жеткілікті", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз