Эстрада және опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова – үш ұлдың анасы. Ол болашақ келініне қандай талаптар қоятынын "Бүгін LIVE" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
“Төрт құбылам тең. Үйде жолдасым, үш ұлым бар. Үлкенім 23 жаста, Шахрияр. Сингапур университетін бітіріп, дипломын алып, қазір өзінің шағын кәсібімен айналысып жатыр. Екіншім Диар – өнер жолын қуып келе жатқан ізбасарым. Құрманғазы атындағы консерваторияда биыл 4-курста оқиды. Кенжетайымыз Санжар – ЖОО-ның 3-курсында оқиды. Балалар жақсы жетістіктерін көрсетіп жатыр”, – деді әнші.
Толқын Забирова, сондай-ақ болашақ келініне қандай талаптар қоятынын да айтып өтті.
"Қандай келін керек маған? Ол қандай болу керек? Ата-ананың тілегі: бір-бірінің тілін тапса, сыйластықпен өмір cүрсе, одан артық маған ешнәрсе керек емес. Ешқандай талап қоймаймын. Ұлымның таңдауын қабылдаймын. Ана еш уақытта кері жүрмеуі керек, әр адамның өзінің сезімі бар. Әр адам жүрегін тыңдауға тиіс. Тәулігіне 24 сағат әңгіме айтсақ та, мен оны түбіне дейін түсінбейтін шығармын. Ол басқа отбасында тәрбие алған адам. Менің балам қабылдады ма, мен үшін ол табу, талқыланбайды", – деді Толқын Забирова.
Әнші жуырда Астана мен Алматыда шығармашылық кешін береді. "Өмірге ғашықпын" концерті 17 қазанда Алматыда және 23 қазанда Астанада өтеді.
Айта кетейік, Толқын Забирова – қазақ эстрадасына опералық музыканы әкелген тұңғыш әншінің бірі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнертану ғылымдарының кандидаты. Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз