Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары Астана және Алматы қалаларының әуежайларында рейстердің уақтылы орындалуын тексереді. Бұл туралы Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, кейінгі уақытта еліміздің әуекомпанияларына ұшулардың орындалуы мен жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасына байланысты шағымдар саны артқан.
Осыған байланысты көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен, еліміздің әуекомпаниялары мен әуежайлары өкілдерінің қатысуымен кездесу өткен.
Кездесуде рейстердің кешігуіне, әуе кемелерін ауыстыруға, әуежайлардағы ұзын-сонар кезектерге және басқа да жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты мәселелер қаралған. Ұшудың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге және алдағы қысқы маусымға дайындыққа ерекше назар аударылған.
Қазіргі уақытта әуе кемесі ауыстырылған жағдайда өтемақы төлеу тек бизнес-класс жолаушылары үшін көзделген. Вице-министр әуекомпанияларға әуе кемесін ауыстыруға тыйым салуды пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ Талғат Ластаев рейстерді уақтылы орындау тәртібін арттыру бойынша, әсіресе маусымдық жағдайда қосымша шаралар қабылдауды тапсырған.
Сонымен қатар қызмет көрсету сапасына және жердегі қызметтердің жұмысына байланысты жағдайлар, атап айтқанда персоналдың жолаушылармен дұрыс жұмыс істемеуі қарастырылған. Әуекомпаниялар мен әуежайлардың басшылығына қызмет көрсету сапасын күшейту, қызмет көрсету мәдениеті бойынша тренингтер өткізу, кезектерді болдырмау үшін тексеру жұмысын ретке келтіру және елордалық әуежайда ағымдағы жөндеуді уақтылы аяқтау тапсырылған.
Рейстерге тіркелудің қолжетімділігі мәселесі жеке көтерілген. Fly Arystan-да онлайн тіркелу ұшудан 30 күн бұрын қол жетімді, бірақ әуежайда тіркелу кезінде қызмет ақылы болады. Бұл егде жастағы жолаушылар мен мобильді құрылғыларды пайдаланбайтын мүгедектерге қиындық тудырады. Министрлік осындай санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырған.
Кеңес қорытындысы бойынша әуекомпаниялар мен әуежайлардың жұмысына тексеру жүргізу туралы шешім қабылданған. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары екі апта бойы Астана және Алматы әуежайларының ұшу залдарында болып, рейстердің кешігуіне мониторинг жүргізіп, жолаушыларға сауалнама жүргізетін болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз