Энергетика министрлігі Қазақстан бензинін Өзбекстан сатып алып жатқаны жөнінде таралған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, БАҚ-та Қазақстан бензинін Өзбекстанның сатып алып жатқаны жөнінде жалған ақпарат таралған.
"Энергетика министрлігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстанға немесе өзге елдерге бензин экспорты жүзеге асырылмайды. Елде мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу енгізілген, ал үкімет заңсыз әкетудің және контрабанданың алдын алу бойынша жоспарды іске асыруда.
Жекелеген БАҚ сілтеме жасаған ақпарат биылғы жылдың көктемінде қабылданған біржолғы және уақытша шараға қатысты. Сәуір-мамыр айларында ел ішіндегі жанармай қоры жағдайында АИ-92 маркалы бензиннің артығын экспорттау туралы нүктелік шешім қабылданды.
Мұндай шара халықаралық тәжірибеде стандартты болып табылады және ол қоймаларды оңтайландыруға әрі бюджетке қосымша салық түсімдерін әкелуге мүмкіндік береді", — делінген хабарламада.
Министрлік маусым айынан бастап, МӨЗ-дердегі жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық шеңберінде стратегиялық қор жинақтау мақсатында экспорт толық тоқтатылғанын еске салды.
"Мемлекеттік реттеуді алып тастау және экспортқа тыйым салу ішкі нарықты тұрақтандыруға әрі жанармай қорларын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Жаздың басына қарай АИ-92 бензині қоры шамамен 70 пайызға, дизель отыны қоры 78 пайызға артты. Қазіргі таңда мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарық толық көлемде қамтамасыз етілуде", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз