What are you looking for?

Адамға бағытталған бизнес: тау-кен металлургия компанияларының әлеуметтік миссиясы

09.10.2025

Саланың көшбасшылары миллиардтаған теңгені абаттандыру, медицина және білім беру салаларын дамытуға жұмсап отыр.

Бүгінде Қазақстанның тау-кен металлургия компаниялары тек өндіріс алпауыттары емес, сонымен бірге қоғам игілігіне үлес қосып отырған ірі әлеуметтік инвесторлар. Сала кәсіпорындары орналасқан қалалар мен кенттерде компаниялар жергілікті инфрақұрылымды жаңғыртып, білім, медицина және спорт салаларын дамыту ісіне атсалысуда. Соңғы жылдары ТМК-нің әлеуметтік салымдары едәуір артты. Бұрын бір реттік қайырымдылық шараларымен шектелетін компаниялар бүгінде өңірдің дамуына бағытталған ұзақ мерзімді, жүйелі бағдарламалар жүзеге асырып келеді.

Qarmet акционерлік қоғамы өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде танытып келеді. Теміртауда инвестордың қолдауымен Еңбек даңқы саябағы абаттандырылды, қаңғыбас жануарларға арналған паналау орталығы салынды, үш балалар сауықтыру лагері жөндеуден өтті. Сондай-ақ компания коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламаларына қатысып, білім және спорт мекемелеріне көмек көрсетіп келеді.

ERG және ТҰК "Қазхром" компаниялары Tugan Qala атты әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аясында тұрғындар өз қалалары мен ауылдарына қажет әлеуметтік бастамаларды өздері таңдайды. Бағдарлама Хромтау, Ақсу, Рудный, Лисаков қалаларында, сондай-ақ Қашар мен Октябрь кенттерінде іске асуда. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 100-ден астам жоба жүзеге асты, олардың қатарында балалар және спорт алаңдары, саябақтар мен муралдар бар. Жалпы инвестиция көлемі 800 млн теңгеден асып отыр.

"Қазақмыс" корпорациясы өз қызметкерлері мен өңір тұрғындарын үнемі қолдап келеді. 2019-2024 жылдар аралығында компания әлеуметтік жағынан осал топтарға, оның ішінде көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұяларға жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын 280 пәтер табыстады. 2025 жылы тағы 204 қызметтік тұрғын үй жұмысшылардың жеке меншігіне берілмек. Ірі жобалардың қатарында 320 орындық спорт кешені мен 280 орындық балабақша салу жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы Металлургтер алаңы мен Шахтер даңқы скверін қайта жаңарту көзделген.

KAZ Minerals 2024 жылы әлеуметтік бағдарламаларға шамамен 52 млн АҚШ долларын бөлді. Инвестициялар білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларына бағытталды. Семей қаласында рекордтық қысқа мерзімде 1 200 орындық жаңа IT-лицей ашылды, ал Павлодар қаласында теміржол вокзалының қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталды. Бұл жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңгеден асты.

"Казцинк" компаниясы 2025 жылдың ақпанында Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары әкімдіктерімен меморандумдарға қол қойды. Риддер қаласында жаңа мектеп салуға 5,5 млрд теңге, ал хоккей мен спорт инфрақұрылымын дамытуға қосымша 1,5 млрд теңге бөлінеді.

Solidcore Eurasia компаниясы экологиялық және әлеуметтік бастамаларды қатар дамытып келеді. 2024 жылы Қостанай облысындағы Варварин кен орны маңында 28 гектар аумаққа орман отырғызылды. Компания 2030 жылға дейін көгалдандыру аумағын 1 500 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жоба Қазақстанның ұлттық климаттық бастамалар тізіліміне енгізілген.

Тау-кен металлургия саласындағы әлеуметтік бағдарламалар жыл сайын ұзақ мерзімді әрі кешенді сипат алып келеді. Кәсіпорындар енді жай демеушілік көмектен гөрі, өңірлермен тұрақты серіктестік орнатып, халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысуда. Осы арқылы бизнес пен қоғам арасындағы өзара ықпалдастықтың жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Мұнда өндірістің дамуы адамдардың өмір сапасын жақсартумен қатар жүреді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media