Елде өмірге келетін сәби саны жыл санап өсіп келеді . Былтыр 368 мың бала дүние есігін ашты. Әрине, бұлардың ата-анасына төленетін әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайып отыр. Былтыр Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 958 млрд теңге жәрдемақыға жұмсалды. Дегенмен декреттік демалысқа шығарда төленетін жәрдемақыны көбірек алу үшін түрлі іс-әрекеттер жасап жатқандар да анықталып жатыр. Мәселен, 100-ден астам жүкті келіншек табысын артық көрсетіп, мемлекетке 158 млн теңге зиян келтірген.
Ең жоғары жәрдемақы – ₸238 мың
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны ата-ананың екеуі бірдей ала алмайды. Сондықтан ерлі-зайыптылар жәрдемақыны кім алатынын алдын ала шешіп алуға тиіс. Дегенмен көбіне ер азаматтың жалақысы әйелінен жоғары болатыны сөзсіз. Сол себепті жәрдемақыны әкесіне рәсімдейтіндер де бар. Бұл жерде ата-ана көбірек жәрдемақы алуды көздейді. Алайда бүгінде жәрдемақының шегі әлеуметтік кодексте бекітілді. Яғни ер азамат ай сайын миллиондар тапса да, жәрдемақының ең жоғары сомасы 238 мың теңгеден аспайды. Жәрдемақы өң төменгі жалақы мөлшерімен есептеледі.
Гүлбағила Болатбекова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өкілі:
- Ең төменгі жалақы бізде 85 мың теңге, яғни 7 еселенген 595 мың теңге. Жаңағы әлеуметтік аударымдар 595 мың теңгеден ай сайын 24 айда түсіп тұрған болса, онда бізде заңда нақты көрсетілген, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғарғы мөлшері осы 7 еселенген ең төменгі жалақының 40%-нен аспайды деген. Яғни ол бүгінгі таңда былтыр да, биыл да 238 мың теңге. Одан артық тағайындалмайды.
500-ге жуық ер азамат декреттік демалысқа шықты
Жәрдемақы тағайындауда кейінгі екі жылдағы әлеуметтік аударымдар тексеріледі. Жәрдемақы екі көзден тағайындалады. Егер әйел жүктілік кезінде еш жерде жұмыс істемесе, төлем мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал егер жұмыс істеп жүріп, декреттік демалысқа шықса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алып отырады. Яғни 1,5 жыл бойы ай сайын орташа жалақысының 40%-і төленеді. Дәл осылай ер азаматтар да декреттік демалысқа шыға алады. Ол үшін бала дүниеге келген соң тиісті құжаттарды тапсырса болғаны.
Гүлбағила Болатбекова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өкілі:
- Ер азаматтар бізге жүгінген кезде біз олардан жұмыс орнынан ақысыз демалысқа кеткені туралы 1,5 жасқа дейінгі баланы күтіміне байланысты жаңағы бұйрықтың көшірмесін сұратамыз. Мысалы, ақпан айында туса, ақпан айынан бастап 1,5 жасқа дейін ақысыз демалысқа кетті деген жаңағы бұйрықты алып келсе, онда біз тағайындаймыз ер азаматтарға. Былтыр 2024 жылы сондай 477 ер азамат біздің қордан әлеуметтік төлем алуға жүгініп, оларға тағайындалды.
Табысын асыра көрсеткендерге іс қозғалды
Ал бірреттік төлем тек баланың анасына есептеледі. Яғни әйел кейінгі бір жылдағы орташа жалақысының 4,5 еселенген сомасын алады. Дегенмен осы төлемді көбірек аламын деп түрлі амалдарға барып жатқандар да бар. Құзырлы органдар табысын ұлғайтып көрсеткендерді анықтады. Бүгінде 113 азаматқа қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Қор өкілінің айтуынша, мұндай деректер Абай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында жиі тіркелген. Яғни олар әлеуметтік аударымдарды өтіп кеткен мерзімге және бір күнде төлейді. Ал «ай сайынғы жалақыны қолдан алып отырдық» деп көрсеткен.
Гүлбағила Болатбекова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өкілі:
- Бізге келген жүгінушілерден көріп отырамыз, бір аймақта, мысалы, жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалығы болып тіркелген азаматтан 10, 20, 30 әйел жүктілік және босануына байланысты жаңағы төлемге келеді. Яғни бұл жерде күдікті ме? Күдікті. Себебі ол жаңағы шаруа қожалығында немесе жеке кәсіп қандай кәсіпкерлікпен айналысып отыр? Осындай ылғи тек қана жаңағы жүкті әйелдер үшін соңғы өтіп кеткен мерзімдерге төлеп, бізге келіп жатқан. Күдікті болғандықтан, осындай жағдайларда тергеу органдарына жібереміз.
Иә, іс тергеу органдарына жеткенде кінәсін мойындағандар да баршылық. Мәселен, былтырғы жылдың қыркүйегінен бері 1,5 мыңға жуық келіншек табысын артық көрсеткенін растады. Соның арқасында әлеуметтік сақтандыру қоры 3 млрд 400 млн теңгені үнемдеді.