What are you looking for?

1-11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жөніндегі бірыңғай нұсқаулық әзірленіп жатыр

13.10.2025

Елімізде 1-11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жөніндегі бірыңғай нұсқаулық әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Адами капиталды дамыту және кәсіби бағдар беру орталығында жалпы білім беретін ұйымдарда кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруға арналған кезеңдік нұсқаулықты әзірлеу мақсатында жұмыс тобының қызметі басталған.

Нұсқаулық бастауыш сынып мұғалімдеріне, пән педагогтеріне, сынып жетекшілеріне және кәсіби бағдар беру мамандарына арналған.

Онда іс-әрекеттің нақты алгоритмдері, сабақтардың үлгілік сценарийлері, ата-аналар мен әлеуметтік серіктестермен өзара іс-қимыл формалары, сондай-ақ кәсіби бағдар жұмысының нәтижесін бағалау және мониторинг жүргізудің бірыңғай талаптары қамтылады.

Жұмыс тобының құрамына педагогтер мен кәсіби бағдар беру саласының мамандары, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері кірген.

"Бұл бастама мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар берудің бірыңғай тәсілін қалыптастырып, олардың болашақ кәсібін анықтау жүйесін жетілдіруге бағытталған", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media