Мәжіліс депутатының бос мандаты Amanat партиясы фракциясының өкілі, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге берілді. Бұл туралы партияның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Amanat партиясы саяси кеңесі бюросының қаулысымен парламент мәжілісінің партиялық тізім бойынша бос мандаты Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге берілді. Тиісті шешім Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жолданды", — делінген хабарламада.
Партия сайтындағы мәліметке сүйенсек, Әбутәліп Мүтәлі – "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында еңбек етіп жүрген білікті маман.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қыркүйекте мемлекет басшысының жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова еліміздің Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Бұл тағайындауға дейін Жұлдыз Сүлейменова парламент мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды. Ол Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған еді.
1 қазанда Жұлдыз Сүлейменованың мәжілістегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз