Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында көкпар өткізуге арналған жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жоба ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ұлттық спорт түрлерін қолдау мақсатында жүзеге асырылды. Нысанның құрылысына демеушілік көрсеткен — Halyk қайырымдылық қоры, ұйымдастыру жұмыстарын "Қызылша жер" компаниясы атқарды.
Жаңа алаң 300-ден астам көрерменге арналған. Мұнда спортшыларға арналған инфрақұрылым мен ойындарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін жағдай жасалған. Ашылу салтанаты аясында аймақтық көкпар турнирі өтті.
Белбасардың көк шалғынында өңірдің сегіз командасы бақ сынады: Мерке құрамасы, "Аманат" (Белбасар), "Бірлес – Әулиеата", "Тәтті", Т.Рысқұлов, "Ақсу", "Балуан Шолақ" және "Шу" ұжымдары.
Тартысты ойын қорытындысында Мерке құрамасы бірінші орынды жеңіп, 3 миллион теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. "Аманат" командасы күміс жүлдені еншілеп, 2 миллион теңге алды. Ал "Бірлес – Әулиеата" командасы үшінші орынға тұрақтап, 1 миллион теңгемен марапатталды.
Ашылу рәсіміне өңір басшылығы, белгілі көкпаршы, КСРО чемпионы Әбілхан Дәуілбаев, меценат Болат Сауранбаев, сондай-ақ Halyk қорының өкілдері қатысты.
Қонақтар жаңа нысанның ауыл жастарының дамуына және ұлттық спорттың өркендеуіне серпін беретінін атап өтті.