What are you looking for?

"Парақшаларын дереу бұғаттау керек": мәжіліс депутаты пранк жасаушыларды қатаң жауапқа тартуды ұсынды

29.10.2025

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға пранк жасайтын блогерлерге шара қолдану туралы сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутаттық сауалында Нартай Сәрсенғалиев қазір қоғамда пранкпен желідегі парақшасындағы лүпіл жинайтындар қаптап кеткенін айтты. Депутат нақты мысал келтірді.

"Біріншісі — Астана қаласында блогер достарымен бірге лифттің ішіне "жалған мәйітті" кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан даусы шықты.

Екінші жағдай – елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алды.

Үшінші жағдай – Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Мұндай мысал мың. Желіге желімдей жабысқандар "пранк" деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес", — дейді ол.

Одан бөлек депутат қазақстандықтардың шетелге барып пранк жасағанын еске алды.

"Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда "ұрлық жасап жатқандай" ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. "Ойыннан да омыртқа сынатынын" білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу", — деп бағалады олардың әрекетін Нартай Сәрсенғалиев.

Осы ретте депутат жасанды интеллект арқылы жасалатын пранкті де атап өтті.

"Олардың бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интеллект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына "танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?" деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін", — дейді депутат.

Сондай-ақ жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, "24 сағат табытта" атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды.

Осыған орай депутат бірнеше ұсыныс айтты:

  • Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет.
  • Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек;
  • Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;
  • Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде жүргізу керек.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media