Мемлекеттік аудиттен кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірқатар лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Биыл Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың азаматтарды және ауруханаларды дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жұмысын тексерген.
Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер негізінде Жоғары аудиторлық палата тиісті лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған.
Нәтижесінде мына тұлғаларға түрлі тәртіптік жаза қолданылған:
- ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры;
- ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры;
- ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары;
- "Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығының" директоры;
- "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" бас директорының орынбасары;
- "Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ биыл 3 шілдедегі бұйрықпен "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылген.
Айта кетелік, бұған дейін мемлекеттік аудиттен кейін білім беру саласындағы бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз