Сайлаушылардан мыңнан астам арыз-шағым түскен.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың медицина саласына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттар жыл басындағы өңірлерге сапары барысында 274 елді мекенге барып, 582 кездесу өткізген. Сапар қорытындысы бойынша сайлаушылардан мыңнан астам арыз-шағымдар жинақталып, Үкіметке жолданды.
"Осындағы әрбір сұрақтың артында халықты толғандырып жүрген сандаған жүйелі мәселе, мыңдаған түйткіл мен миллиондаған адамның тағдыры жатқаны сөзсіз. Сол сауалдарға 20 министрліктен жауап келді. Дегенмен, ашығын айту керек, сұрақтардың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, республикалық деңгейдегі 355 нақты сауалдың небәрі 76-сына ғана тиісті жауап алдық. Ал қалған 79 пайызына Үкіметтің жауаптары мүлдем мардымсыз әрі дәйексіз болды", — деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Сөзінше, жылдар бойы қордаланған, қаншама жанның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін ауқымды мәселелер тағы да шешусіз қалды деген сөз.
"Мысалы, денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей қойды. Әлі де жүйеден тыс 3,5 миллион халық болса, оның артында жүйелі жарнасын төлесе де, жүйесіз қызмет алатындардың саны одан әлдеқайда көп. Былтыр үш айдың ішінде Астана тұрғындарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 680 өтініш түссе, оның 70%-ы шағым болған. Мәжіліс мінберінен 3 жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермейтінін айтсақ та, Үкіметте не бір ұсыныс, не бір шешім болмай келеді. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді", — деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Мәжілісмен шағым азаймағанын, кезек кемімегенін, сапа жақсармағанын баса айтты.
"Яғни, Қазақстанда байлар емделмейтін, кедейлер емделе алмайтын жағдай әлі де орын алып жатыр", — деді депутат.
Айта кету керек, осыған дейін МӘМС жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын жазған болатынбыз.