65 жасында белгілі әдебиет сыншысы, филолог, режиссёр әрі сценарист Ғалым Доскен дүниеден озды. Қаралы хабарды журналист Болат Мүрсәлім жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қашан көрсең жайдары, сөйлеп кеткенде арғы мен бергіні, батыс пен шығысты сапырып отыратын, қазақтың әнін, күйін, жалпы ұлттық дүниесін түгендеп, соның жоқшысы бола білген Ғалым ағамыз о дүниелік болған екен.
Ғалым ағадай биік, Ғалым ағадай парасатты басқа адамды дүниеде кезіктірдім бе, жоқ па, білмеймін. Қабағы түксиіп, күркіреген күндей көрінгенімен, жаны баладай нәзік, досына асық, төңірегіне жиған бауыр-қарындастарына әкедей қамқор жан еді", — деп жазды Болат Мүрсәлім Facebook-тегі парақшасында.
Мәдениет және ақпарат министрлігі де марқұмның жақындарына көңіл айтты.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі қаламгер, қоғам қайраткері, режиссёр-сценарист, медиаменеджер Ғалым Доскеннің дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады", — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға.
Ол "Ұлан" газетінің бас редакторы, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырған. Соның ішінде "Қазақтың дәстүрлі 1000 әні" мен "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.
Режиссёр әрі сценарист ретінде "Киелі жерлер", "Жоғалған жарық хроникасы" секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады.
"Өмірін сөз өнері мен ұлт мәдениетіне арнаған Ғалым Төлембекұлының жарқын бейнесі мен ұлттық мәдениетімізге сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.
Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта, иманы саламат болғай!" — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз