Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстанға 2026 жылғы қажылық маусымына қанша орын бөлінгенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚМДБ-ның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми іссапары барысында Жидда қаласында Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрі Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиамен кездескен.
Кездесу барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан Республикасына 2026 жылғы қажылық маусымына 4000 қажылық орны бөлінгенін мәлімдеген.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылғы үлкен қажылық маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылаған.
Бас мүфти қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет сапасын арттыру, орналастыру және көлік жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ақпараттық және медициналық қызмет көрсетуді тиімді үйлестірудің маңыздылығына тоқталған.
Кездесуде бұдан бөлек, визасыз, яғни заңсыз жолмен қажылық ұйымдастыруға тырысатын фирмалардың қызметіне тосқауыл қою мәселесі талқыланған. Бұл бағытта екі тарап өзара ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды күшейтуге уағдаласқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз