Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығында Әзербайжаннан келген үшем мен Қырғызстаннан келген егіз қыздар білім алып жатыр. Олар аз уақттың ішінде қазақ тілін меңгеріп алған, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 30 жылдан астам уақыт бойы түркі елдерінен келген жастар білім алып жатыр. Жыл сайын оқу ордасына қазақ тілін үйрену үшін әртүрлі елдерден студенттер келеді.
Биыл университеттің Дайындық орталығында Әзербайжаннан келген үшем – Зехра, Эсра және Лала Азизовалар мен Қырғызстаннан келген егіздер – Батма және Зуура Акканалиевалар білім алып жатыр.
Қазақ тілін үйренуді бастағандарына небәрі бір ай болса да, тыңдаушылар еркін сөйлеп, өз ойларын қазақ тілінде жеткізе алады.
Оқытушылардың айтуынша, білім алушылардың жаңа тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Үшем мен егіз қыздар Дайындық орталығын аяқтағаннан кейін өз қалауына сай мамандықтар бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
"Біздің түріміз ұқсас болғанымен, таңдаған мамандығымыз әртүрлі. Біріміз – психолог, біріміз – дәрігер, енді біріміз мұғалім болғымыз келеді", — дейді олар.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығында қазіргі таңда түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар. Олар бұл жерде қазақ тілімен қатар түрік және ағылшын тілдерін де меңгереді.
Бір жыл көлемінде тілдік дайындықтан өткен соң қорытынды емтихан нәтижесінде таңдаған мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз