Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен VII Консультативтік кездесуінде Орталық Азия мемлекеттері басшылары бірқатар өзекті мәселені талқылады. Президенттер су қауіпсіздігі, ұлттық үйлестірушілер кеңесі мен көлік жүйесі туралы сөз қозғады, деп Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев VII Консультативтік кездесуде сөз сөйлеп, өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды.
"Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын", — деді президент.
Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы бұл бағытта тиімді жұмыс атқаруға дайын. Сонымен қатар заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар салу, ішкі нарыққа және экспортқа арналған дайын тағам өнімдерін өндіру бағыттарының келешегі зор.
Президенттің пікірінше, халықаралық аренадағы өзгерістер кезеңінде Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы елдеріміз тек келісімді әрі үйлесімді әрекет еткенде ғана аймақтың әлеуеті толық ашылатынына сенімді.
"Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн", — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, өңір үшін су қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті.
"Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін", — деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту өңір елдері үшін негізгі басымдық саналады. Мемлекет басшысы Өзбекстан президентін Самарқанд қаласында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясын табысты өткізуімен құттықтады.
Президент ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың маңызына назар аударды. Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.
"Осы салада барынша белсенді әрекет етіп, туризм саясатын өзара тиімді үйлестіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Бұған дейін бүкіл өңірге ортақ туристік бағдарларды дамыту туралы ұсыныс айтылған еді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз. Бұдан бөлек, Орталық Азияның біртұтас туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды ұсынамыз. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия елдерінің бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру аталған саладағы байланыстарымызды жандандыруға құқықтық негіз бола алады", — деді президент.
Тоқаев Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығынан алған әсерімен бөлісіп, Шавкат Мирзиёевтің аталған мекемені ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін ортақ алаңға айналдыру жөніндегі бастамасын қолдады.
Сондай-ақ Тоқаев ұлттық үйлестірушілер кеңесінің рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор екенін айтты.
Бұл ретте президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс.
Сөз соңында президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.
"Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын. Бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде талқылап, тиісті бастамаларды бекітуге болады деп ойлаймын. Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды ұсынамын. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады", " деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз