What are you looking for?

Такси қызметіне жеңілдетілген салық режимі енгізілмек

12.03.2025

Елімізде такси жүргізушілері үшін жеңілдетілген салық салу режимі қарастырылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

2025 жылғы 20 ақпанда Мәжіліске ұсынылған жаңа Салық кодексі жобасына енгізілген түзетулерге сәйкес, такси жүргізушілері үшін салық жүктемесі артпайды. Оларға ҚҚС және басқа да салықтар салынбайды, сондай-ақ жеке табыс салығының мөлшерлемесі нөлге тең болады. Такси жүргізушілері тек 4% мөлшеріндегі бірыңғай төлемді төлейді. Бұл төлемге зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру кіреді.

Жаңа жүйенің артықшылықтары:

  • Такси жүргізушілеріне жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ;
  • Такси парктерінің делдалынсыз, интернет-платформа операторларымен (мысалы, Яндекс және т.б.) тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі;
  • Салық жүктемесі жеңілдейді, тек бірыңғай төлем арқылы міндеттемелер орындалады.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша такси қызметі бойынша 15 мыңға жуық салық төлеуші жеңілдетілген декларация режимін қолданған. Олардың ішінде тек 924 салық төлеуші 15 млн теңгелік шекті сомадан асқан. Яғни, ҚҚС төлеу міндеттемесі тек ірі таксопарктердің 6%-на ғана әсер етеді.

Министрлік такси нарығындағы тарифтер бәсекелестікке, сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын атап өтті. Сонымен қатар, интернет-платформа операторлары ҚҚС төлеуші болып табылады, бұл да қызмет құнына ықпал етеді.

Social Link

Follow Me On Social Media