What are you looking for?

Мектептердің бірі тойхана ретінде көрсетілген: үкімет басшысы жеке мектептерге қатысты тапсырма берді

17.11.2025

Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігіне жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесіне қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша кеңес өткізген.

Жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер де қаралған. Сондай-ақ жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылған.

Бұған дейін премьер-министрдің тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында "Қаржы орталығы" АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.

Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Биыл қараша айында e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылған. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Бұл ретте Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.

Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30 пайызы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.

64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан екі есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген.

Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталған.

"Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықты анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты.

Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс", — деді Олжас Бектенов.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media