Халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғаған алматылық ардагер-спортшыға мемлекеттік орган ақшалай сыйақыны беруден бас тартқан. Ардагер сотқа жүгінген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спортшы 2017 және 2018 жылдары Болгарияның Пловдив және Ресейдің Пермь қалаларында өткен грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында ("С" дивизионы) бірінші және екінші орынды иеленген. 2018 жылы спортшыға Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері атағы берілген.
Осы жетістіктерге қарамастан, уәкілетті орган талап қою мерзімінің өтіп кеткенін алға тартып, ақшалай сыйақыны төлеуден бас тартқан. Спортшы осыған байланысты сотқа шағым түсірген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарын мұқият зерделей келе, талап қоюшы жоғары санатты спортшы екенін, оның әлем чемпионаттарына қатысуы және жүлделі орынға ие болуы Қазақстан Республикасының Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ресми жазбаларымен расталғанын анықтады.
Сотта Қазақстанның атынан қатысып, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған ардагер-спортшыларға сыйлықақы төлеуге тыйым салу салалық заңнамада қарастырылмағаны немесе шектемейтіні белгілі болды.
Сонымен қатар уәкілетті органның талап қою мерзімінің өтіп кетуіне қатысты уәждері жарамсыз деп танылды, өйткені азаматтық заңнама әкімшілік бағыныстылыққа негізделген қатынастарға қатысты қолданылмайды. Сонымен қатар сол уақытта қолданыста болған ережелерде төлемге өтініш беру мерзімі қарастырылмаған.
Нәтижесінде сот уәкілетті органның әрекетін заңсыз деп танып, жүлделі орындарға ақшалай сыйақы төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ талап қоюшыға төленген мемлекеттік бажды қайтаруды міндеттеді.
Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Соттың шешімі заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз