Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне қатысты тараған фейк видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ДСМ-ның мәліметінше, әлеуметтік желілерде және кейбір онлайн-БАҚ-та қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа медициналық көмек көрсетпей, көшеде қалдырып кеткені туралы фейк видео тарап жатыр.
Алайда ДСМ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, роликтегі адамдардың қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлеріне еш қатысы жоғын мәлімдеді. Ведомство видеодағы бірнеше маңызды детальға назар аударды. Олар:
- Киім үлгісінде ҚР-дағы жедел медициналық көмек бригадалары үшін міндетті болып табылатын мемлекеттік және ведомстволық белгілер жоқ.
- Киімнің түс гаммасы мен үлгісі Қазақстанда қолданылатын бірыңғай стандартқа сәйкес келмейді.
"Таратылған видеода авторлар қатысу әсерін күшейтетін және көрерменде жағымсыз эмоциялар тудыратын аудио жолақты мақсатты түрде салған. Мұндай техникаларды қолдану жағдайды бұрмаланған түрде қабылдауды қалыптастыруға және аудиторияға эмоциялық қысымды арттыруға бағытталған манипуляцияның әдістері болып табылады. Бұл роликтің ақпарат беру үшін емес, керісінше негативті күшейту және шұғыл қызметтерді дискредитациялау үшін жасалғанын қосымша растайды", — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, роликтегі оқиға 2024 жылғы 11 наурызда Волгоград қаласында болғаны және сол уақытта ресейлік БАҚ-та кеңінен жарияланғаны анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
"Осылайша, бұрын болған және тергелген істі Қазақстанның жедел жәрдем қызметімен байланыстыру – азаматтарды әдейі жаңылыстыру әрекеті болып табылады.
Пабликтердің әкімшілері мен ақпараттық ресурстардың авторларын азаматтардың шынайы ақпаратқа қол жеткізу құқығын құрметтеуге, жариялау алдында дереккөздерді тексеруге және мемлекеттік, әлеуметтік және медициналық қызметкерлерді әдейі қаралауға бағытталған материалдарды таратпауға шақырамыз", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз