What are you looking for?

Қазақстанның Елшісі Дания Короліне сенім грамоталарын тапсырды

27.11.2025
Christiansborg" сарайында Қазақстан Республикасының Елшісі Олжас Сүлейменовтің Дания Королі Фредерик X-ға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Рәсім барысында Қазақстан Елшісі Корольге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Даниямен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейілді екенін атап өтті.

Рәсімнен кейін өткен сұхбат барысында тараптар Қазақстан-Дания қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Қазақстан мен Дания арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны, өзара сенім мен құрметке негізделгені аталып өтті.

Қазақстан Елшісі Фредерик X-ға Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы жөнінде ақпарат берді.

Сұхбат барысында экология және климат мәселелеріне айрықша назар аударылды. "Жасыл көшу" тақырыптары, сондай-ақ Жоғары Мәртебелінің патронажымен жүзеге асырылатын Данияның ұлттық "State of Green" жобасы талқыланды. Король Қазақстанның экология және тұрақты даму саласындағы саясатына ерекше қызығушылық танытты.

Тараптар сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінің экожүйелерін сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты, су және климат саласындағы сын-тегеуріндерді шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ білім беру, ғылыми зерттеулер және климаттық тұрақтылық салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Екі елдің іскер топтары мен ғылыми орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызы аталып өтті.

Король Фредерик X Қазақстан халқы мен Президентіне өзінің ең ізгі тілектерін жеткізіп, екіжақты қатынастардың оң динамикасын атап өтті және Елшіге табысты дипломатиялық қызмет тіледі.

Social Link

Follow Me On Social Media