Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде қызмет етіп жатқан волонтерлерді Халықаралық волонтёрлер күнімен құттықтады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қалдырған жазбасында волонтёрлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын мәлімдеді.
А.Балаева қайырымдылықтың басы-қасында жүргендердің мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Кейінгі жылдары елімізде волонтёрлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, бұл – әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында. 5 желтоқсан күні БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтёрлер жылы ресми бастауын алады. Аталған жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз», деп жазды министр.
Бұған қоса ол еліміз үшін Орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтёрлердің рөліне баса назар аудара отырып, аталған жыл «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар оның жаһандық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашатынына, миллиондаған адамды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құрудың ортақ ісіне қатысуға шабыттандыратынына сенім білдірді.
«Құрметті волонтёрлер! Мемлекет сіздердің белсенділігіңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтёрлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз, даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз. Барлық волонтёрге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін. Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін!» деді А.Балаева құттықтауында.