Жол-көлік оқиғасы 7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында Самара-Шымкент тасжолында болды, деп хабарлайды Inform.kz.
Ұлғайсын ауылы маңындағы жол апатынан 5 жолаушы көз жұмды.
— Жүргізуші Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай бағыт алған кезде Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында аударылды. Автобус салонында Пермь-Ташкент бағытында жолға шыққан Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған. Жол апатынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ауруханаға жеткізілген 15 жолаушының 13-і дәрігерлерге қаралған соң жіберілді. Оларда жеңіл жарақат бар. Біреуіне гипс салынды. Ал екі адам қазір ауруханада жатыр. Бір науқасқа ота жасалып, сынық таңылды. Екіншісі жабық бас-ми жарақатын алған.
Қазір жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.