What are you looking for?

Тау-кен металлургия кешені: кәсіпорындар экологиялық талаптар мен өндірістік тиімділік арасындағы тепе-теңдікке келе ала ма?

09.12.2025

Экологиялық кодекстің жаңа талаптары, климаттық жаһандық өзгерістері және сыртқы нарықтардың күткен сұраныстары өнеркәсіптен жедел әрі көбіне қымбат шешімдерді талап етіп отыр. Бүгінде бұл мәселе бұрынғыдан да өткір сезіледі. Кәсіпорындар экологиялық стандарттарды сақтап, сонымен бірге бәсекеге қабілеттілігін төмендетпей, даму қарқынын бәсеңдетпеуі тиіс. Осындай түйткіл Қазақстан экономикасының тау-кен металлургия саласының алдында да тұр. ТМК алдағы бағытын дұрыс таңдай ала ма? Толығырақ NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Бүгінде жер асты байлығына сүйенетін мемлекеттердің басым бөлігі экологиялық талаптарды күшейтіп жатыр. Кен өндіру мен өңдеуге тәуелді елдер өндірістерін жаңартып, зиянды қалдықтарды азайтуға және технологияларын қайта қарауға мәжбүр. Әлемдегі үрдіс осы, жаңа тәртіпті елемеу енді мүмкін емес.

Мәселен, мұнай мен газдың ірі экспорттаушысы Сауд Арабиясы 2060 жылға дейін зиянды газдардың таралуын барынша теңестіріп, экологиялық тепе-теңдікке қол жекізуді көздеп отыр. Осы мақсатта ол көмірқышқыл газын ұстап қалып, қауіпсіз жерде сақтау тәсілдеріне қомақты қаржы салуда.

Норвегия да осындай бағытта жұмыс істеп келе жатқан елдердің бірі. Сол мемлекеттегі маңызды бастамалардың бірі – Longship жобасы. Ол зауыттардан шығатын CO₂-ні жинап, кемемен тасып, Солтүстік теңіздің астында ұзақ мерзімге сақтауды көздейді. Басты міндет – ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды айтарлықтай азайту.

Темір кені мен түрлі минералдарды көп экспорттайтын Австралия 31 маңызды минералды өз елінде өңдеуді ынталандыратын салықтық жеңілдіктер туралы заң қабылдады. Мақсат – болашақта "жасыл" өндіріс тізбегін қалыптастырып, 2050 жылға қарай зиянды шығарындыларды нөлдің деңгейге дейін азайтуға жол ашу.

Чилидің ұлттық тау-кен саясаты тұщы суға тәуелділікті едәуір қысқартуды көздейді. Қазірдің өзінде чилилік мыс өндірушілер теңіз суын тұздандырып пайдалану тәсіліне белсенді көше бастады. 2040 жылға қарай кен өндіру саласының тұщы судың тек 5%-ын ғана тұтынуы, қалған қажеттіліктің балама көздер арқылы қамтамасыз етілуі жоспарланып отыр.

Әлемдегі ірі мыс өндірушілердің бірі – Перуде көптеген компаниялар 2050 жылға дейін өндірістегі көміртек ізін толық жою жөнінде міндеттеме алған.

Үндістанда да "жасыл шахта" тұжырымдамасы біртіндеп енгізіліп келеді. Бұл – зиянды шығарындыларды азайту, экологиялық логистикаға көшу, электромобильдерді пайдалану, бүлінген аумақтарды қалпына келтіру және руданы тасымалдаудың дәстүрлі жүйелерін тиімді баламалармен алмастыру (мысалы, пульпопроводтар) деген сөз.

Бұл әлемдік бағыттар Қазақстан үшін де маңызды. Олар қай жолмен жүру керегін айқын көрсетіп отыр: жаңару, өндірісті заман талабына бейімдеу және экологиялық нормаларды сақтау – отандық ТМК кәсіпорындарының бәсекеге қабілетті болуы үшін қажет шарттар. Қазақстандағы компаниялар да экологияға көбірек көңіл бөлуге тырысып жатыр. Бұл үрдістердің бағытын жергілікті заңнама айқындайды, ал ол бір жағынан талап қойса, екінші жағынан жаңа міндеттерді алға тартады.

Қазақстандық кәсіпорындардың экология бағытындағы нақты қадамдары мен инвестициялары

Экологияға бейімделудің құны жоғары болғанымен, еліміздегі ірі кәсіпорындар қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтып, өндіріс тиімділігін көтеретін технологияларды жедел енгізіп келеді.

Өткен жылы қазақстандық компаниялар табиғатты қорғау шараларына шамамен 456 млрд теңге бөлді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, яғни 96%-ға жуығы – ауыр өнеркәсіптің қажеттіліктеріне жұмсалды. Яғни бизнес экология бағытына жүздеген миллиард теңге салып отыр, ал бұл – кез келген кәсіпорын үшін оңай салмақ емес.

Сонымен қатар ең озық қолжетімді технологиялар мен кешенді экологиялық рұқсатқа байланысты жаңа талаптар күшіне енсе, шығындар одан сайын өсетіні анық. Кәсіпорындар экологиялық міндеттемелерді орындау үшін бұрынғыдан көп қаржы бөлуге мәжбүр болады.

ЕРG: көлемі үлкен болса да, шығарындылар аз болуы керек

ERG де экологиялық бағытын күшейтіп жатқан кәсіпорындардың қатарында. Ірі өндірістік холдинг бола тұра, ол қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуды негізгі мақсаттарының бірі ретінде көрсетіп келеді.

2018 жылы ERG кен өндіруден бастап энергетикаға дейінгі барлық бағытты қамтитын Экологиялық стратегиясын қабылдады. Кәсіпорын бұл құжаттың мақсатын былай түсіндіреді: өндірісті табиғатқа барынша қауіпсіз ету және процестерді ең озық қолжетімді технологиялар деңгейіне жеткізу. 2020-2024 жылдары экологиялық жобаларға шамамен 86 млрд теңге инвестиция салынып, нәтижелері нақты өндіріс алаңдарда көріне бастады.

Мысалы, Павлодар алюминий зауытында күйдіру пештеріне алты жоғары тиімді гибридті сүзгі орнатылды. Соның арқасында жыл сайынғы шығарындылар 10 мың тоннадан аса азайды. Сол жердегі ЖЭО-ның №6 қазандығындағы күл ұстайтын жүйе жаңартылып, жаңа рукавты фильтр жылына қосымша шамамен 1 мың тонна зиянды затты ұстап қалады.

Ферросплав зауыттарында да осындай жаңартулар жүргізілуде. Ақтөбеде электрофильтрлерді рукавты жүйеге ауыстырылды және қосымша аспирация енгізу арқылы шығарындылар тағы мың тоннаға төмендеді. Ал Ақсудағы екі жаңғыртылған сүзгі ластаушы заттарды шамамен 70 тоннаға азайтқан. Евроазиаттық энергетикалық корпорацияның электростанциясында шығарындылар бірден 10 мың тоннаға дейін қысқарған.

Компания мұнымен шектелмей, баламалы энергетика мен қалдықтарды қайта өңдеуді де дамытып жатыр. Хромтауда қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясы салынды, ол жыл сайын ауаға шығарылатын көмірқышқыл газын шамамен 440 мың тоннаға азайтады. Ақтөбе ферросплав зауытында тарихи жинақталған шлактарды өңдеу көлемі 1,1 млн тоннадан асты. Жыл сайын жиналатын 45-50 мың тонна аспирациялық шаң толқытай қайта өндіріске жіберіледі. Ал Ақсудағы ферросплав зауытында шлактарды қайта өңдеу цехы жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 1,4 млн тоннаға жуық қалдық жаңа өнімге айналады (концентрат және қиыршық тас).

ERG қауіпті заттар мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Компания құрамында полихлорланған бифенилдер (ПХД) бар шамамен 10 мың конденсатор мен трансформаторды пайдаланудан толық шығарып тастады. Су ресурстарын басқару бағыты да алға жылжуда. Донской тау-кен байыту комбинатында шахталық суларды сыртқа ағызу тоқтатылып, оларды өндірістік циклде қайта пайдалану жүйесіне көшірілді.

Өндіріс үрдістерін бақылау үшін кәсіпорын 57 шығарындылар көзіне автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты. Санитарлық-қорғау аймақтарының шекарасында тағы жеті бекет жұмыс істеп тұр. Олар ауа сапасын үздіксіз өлшеп отырады.

ERG алдағы жылдарға үлкен міндет қойып отыр. Қатты ластаушы заттардың шығарылуын екі еседен аса төмендету, техникалық судың төгіндісін 30% азайту, жалпы су тұтынуды үштен біріне дейін қысқарту, қайталама шикізатты өңдеуді жылына 2 млн тоннаға жеткізу және қауіпті қалдықтарды өңдеу үлесін 50%-ға дейін арттыру. Кеңес кезеңінен қалған өндірістік инфрақұрылымды ескерсек, мұндай мақсаттар сала үшін айтарлықтай технологиялық әрі экологиялық серпіліс болмақ.

"Алтыналмас" экологиялық жауапты алтын өндірісі қандай болатынын көрсетіп отыр

Экологияға жауапты өндіріс туралы айтқанда, "Алтыналмас" компаниясы айқын мысал бола алады. Мұнда экологиялық тәуекелдерді бағалау, ішкі аудиттер, қызметкерлерді оқыту және корпоративтік экобастамалар бір жүйеге біріктірілген. Компанияның айтуынша, негізгі мақсат – талаптарды жай орындау емес, өндіріс пен табиғаттың арасындағы тұрақты тепе-теңдікті қалыптастыру, экологиялық мәдениетті күшейту және инновацияларды қолдау. 2024 жылы табиғат қорғау шараларына 773 млн теңге бағытталды.

Бұл саясаттың нәтижелері қазірдің өзінде байқалады. Компанияның ESG-рейтингтері тау-кен металлургия саласындағы көп кәсіпорыннан жоғары. Мұны халықаралық синдикатталған заем арқылы 220 млн АҚШ долларын тартуы дәлелдейді. Бұл мәміленің негізгі шарттарының бірі –ESG талаптары: компания экологиялық және әлеуметтік көрсеткіштерді әрі қарай жақсартуға міндеттеме алған. Мұндай деңгейдегі келісім "Алтыналмасқа" деген сенімді, корпоративтік басқарудың сапасын және Қазақстандағы инвестициялық климаттың тұрақтылығын көрсетеді.

Экологиялық жауапкершіліктің тағы бір айқын белгісі – "Пустынное" тау-кен металлургия кешені. Ол Қазақстанда бірінші болып Халықаралық цианид кодексінің (ICMI) сертификатын алды. Бұл ерікті стандарт, ол реагенттерді қауіпсіз қолдануды талап етеді. Сертификат компанияның ESG-рейтингтеріне оң әсер етіп, оны жауапты жер қойнауын пайдаланушы ретінде көрсетеді.

Өндірістік алаңдарда ауа, су, топырақ, шудың деңгейі, өсімдіктер мен жануарларға түсетін ықпал тұрақты өлшенеді. Жиналған деректер компанияға экожүйелерді сақтау бойынша нақты шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді. Мұның нәтижесі бар: "Алтыналмас" "Халық үні – 2024" өңірлік жобасында жергілікті халықтан экобастамаларға жоғары баға алды.

Соңғы бес жылдың ішінде компания жалпы өнімнің өзіндік құнының шамамен 0,5%-ын қоршаған ортаны қорғауға жұмсады. Бұл қаражатқа карьерлерді рекультивациялау жүргізілді, тазарту жүйелері жаңартылды, шаңды басу технологиялары енгізілді, қалдықтарды басқару жақсарды, зерттеулер жасалды. Компания бұл шығын көлемінің үлкен еместігін мойындайды, бірақ нәтижесі анық: экологиялық тәуекел төмендеп, өндіріс аймақтарының табиғи жағдайы жақсарып келеді.

Компанияның басты экологиялық жобаларының бірі – жерді қалпына келтіру. "Ақбақай" мен "Жолымбет" тау-кен байыту комбинатында екі карьер толық рекультивацияланды. Бүлінген аумақ тегістеліп, топырақ нығайтылып, өсімдіктер отырғызылды. Қазір "Жолымбет" тау-кен байыту комбинатында қалдық қоймасын қалпына келтіру жүріп жатыр. Барлық өндірістік аймақтарда ағаш пен шөп егіліп, аумақтың экологиялық және эстетикалық көрінісі жақсартылуда.

Су ресурстары да назардан тыс қалған жоқ. "Жолымбет" карьерінде ағынды суларды тазарту қондырғысы іске қосылып, нәтижесінде су төгіндісі азайды, тазартылған су өндірісте қайта пайдаланылады, ал экономикалық тиімділік жылына 15-20 млн теңгені құрайды.

Тіпті құстарға да қауіпсіз жағдай жасалуда. Мәселен, қалдық қоймаларында құстарды жолатпайтын құрылғылар орнатылған. Бұл олардың қырылуын азайтып, жергілікті табиғатқа келетін зиянды болдырмайды.

Компания үшін ғылым да маңызды орын алады. Мұнда өндіріс биологиялық әртүрлілікке қалай әсер ететінін үнемі зерттейді, мониторинг жүргізеді және мәселелерді ушықтырмай тұрып шешуге тырысады. Мәселені жасырмай, алдын ала шешу – компания ұстанған қағида.

"Қазмыстың" бастамалары: таза су, мазуттан бас тарту және шығарындыларды азайту

Экология бағытындағы нақты істердің бірі – "Қазмыстың" жобалары. Елдегі ең ірі тау-кен компанияларының бірі табиғатқа түсетін зиянды азайтып, ресурстарды үнемдейтін бастамаларды іске қосып отыр және бұл тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты нәтижелер бар. Мысалы, "Жомарт" кенішінде ағынды суларды тазарту жүйесі жұмыс істейді. Ол тәулігіне 210 текше метрге дейін тазартылған суды қайта айналымға береді.

Жезқазғанда кәсіпорын мыс балқыту зауытын газдандыру жұмыстарын аяқтады. Бұл мазутты толықтай қолданудан бас тартып, парниктік газдар шығарындыларын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

2023 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытында аспирациялық жүйелерді жаңарту бойынша тағы бір "жасыл" жоба жүзеге асырылды. Шихта дайындау цехында руданы тасымалдау тораптарында шаң ұстауға арналған Donaldson Dalamatic жергілікті жүйесі орнатылды. Барлығы 18 заманауи сүзгі агрегаты іске қосылды, оның 13-і шихта бөлімінде. Бұл жүйелер жиналған шаңды өндіріске қайта қосып, ал тазартылған ауаны (тазарту деңгейі 99,9%) цехқа қайта жібереді. Нәтижесінде ауадағы шаң азайып, зауыттағы экологиялық жағдай мен еңбек жағдайы жақсарды.

Компания жаңартылатын энергетиканы да белсенді дамытып келеді. Қуаты 10 МВт "Кеңгір" күн электр станциясы жыл сайын 12 мың тоннадан астам көмірқышқыл газының атмосферға таралуын болдырмайды. Ал Балқаш қаласында салынып жатқан 100 МВт-тық күн электр станциясының екінші кезеңі аяқталғанда, шығарындылар жылына тағы 135 мың тоннаға азаяды.

"Қазмыс" Су ресурстары министрлігімен және ECOJER қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істейді, Балқаш көлінің экожүйесін қорғауға арналған мастер-жоспарды және басқа да өңірлік экологиялық бастамаларды әзірлеуге қатысып отыр.

"Қазцинк" компаниясының ұзақ мерзімді экологиялық жобалары

"Қазцинк" тау-кен металлургия компаниясы әлемдік үрдістерден қалыспай, кейде олардан озық қадам жасап келеді. Компания үшін экология – жай формалдық емес, ұзақ мерзімді стратегия. Капиталдық шығындардың елеулі бөлігі дәл осы табиғатты қорғауға бағытталады. 27 жыл ішінде компания қоршаған ортаны қорғау жобаларына шамамен 140 млрд теңге инвестиция салды. Бұл – заманауи қондырғылардың, жаңа зауыттардың, газ тазарту кешендерінің, жаңартылған тазарту жүйелерінің және энергия үнемдеу бағдарламаларының негізіне айналған экологиялық іргетас.

Бұл жұмыстар есептегі "жүйелі жолдар" емес. Кең ауқымды және жүйелі шаралардың арқасында компания бұған дейін мүмкін емес көрінген нәтижелерге қол жеткізді: күкіртті ангидрид шығарындылары 4,5 есе, ал қорғасын бойынша – шамамен 9 есе азайды.

Компания суды ерекше құнды ресурс ретінде қарастырады. Қазір "Қазцинктің" жалпы су айналымы 83%-ға жеткен, ал ластаушы заттар төгінділері жұмыс істеген жылдар ішінде 80%-дан астам қысқарды. Бұдан бөлек, компания құрғақ статистикамен шектелмейді: Бұқтырма су қоймасына жыл сайын балық жіберу, өндірістік аймақтарды көгалдандыру және санитарлық-қорғау аймақтарын абаттандыру – экожүйеге нақты қайтарым беретін бастамалар.

"Қазцинк" үшін қалдық – мәселе емес, ресурс. Газ тазарту жүйесінде жиналған шаң мен металлургиялық қож қайта өңделіп, құрамындағы пайдалы элементтері алынады. Ал қалдықтардың бір бөлігі жер астындағы пайдаланылып болған кеңістіктерді тығындауда немесе құрылыс индустриясында қолданылады.

Компания қол жеткен көрсеткіштермен шектелмейді. "Қазцинк" Шығыс Қазақстан облысында шығарындылар мен төгінділерді онлайн режимде қадағалайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізген алғашқы кәсіпорын болды. Жиналған деректер тікелей құзырлы мемлекеттік органға жіберіліп, экологиялық әсердің ашықтығын барынша арттырады. Компания жұмысы толық ашық.

Алда – жаңа әрі ауқымды экологиялық қадамдар. Өскемен өндіріс алаңында ең озық қолжетімді технологиялар енгізіледі. Қолданыстағы үш күкірт қышқылы қондырғысына диоксидті күкірттен қосымша тазарту кезеңі орнатылады. Ал Риддер металлургия кешенінде шығарындыны азайтатын жоғары тиімді газ тазарту жүйесін орнату жоспарланған.

"Қазцинк" үшін экологиялық трансформация – жай мақсат емес, компания бірізді, жүйелі және ең бастысы, нақты технологиялық шешімдерге сүйене отырып жүріп келе жатқан жол.

Тек міндет емес – ниет те бар: Solidcore Resources суға, орманға және таза ауаға инвестиция құяды

Solidcore Resources – табиғатқа әсер етпеу мүмкін емес екенін жақсы түсінетін тағы бір алтын өндіруші компания. Сондықтан олардың басты мақсаты – осы әсерді барынша азайту. Сол үшін компания өндірістік процестерді үздіксіз бақылап, ресурстарды үнемдеп, жаңа технологияларды енгізіп отырады. Әсіресе суды ұтымды пайдалану, қалдықтарды басқару, қауіпті заттарды бақылау және табиғатты сақтау бағыттары негізгі назарда.

Компанияның ерекше мақтанышы – су саясаты. Solidcore Resources өз өндірісінде өзен-көлдерден және жерасты көздерінен алынатын таза суды барынша аз қолдануға тырысады. 2024 жылы пайдаланылған "жаңа" судың үлесі небары 4% болды, қалған 96% кәсіпорындардың өзіндегі жабық су айналымы жүйелері арқылы қамтамасыз етілді.

Компанияның мәліметінше, карьерлік және жауын сулары толық жиналып, арнайы тазартудан өтеді. Тазартылған су технологиялық мақсаттарға қайта жіберіліп, бірнеше рет қолданылады. Карьерлік және жауын сулары ылғал жоғалтуды өтеп, кенді ылғалдау, концентратты кептіру, шаң басу сияқты процестерге жұмсалады. Тіпті вахталық қалашықтың сарқынды сулары да тазартылғаннан кейін қайта айналымға қосылады, қоршаған ортаға төгінді жіберілмейді.

Компания алдында тұрған мақсат айқын: суды кемі 90% көлемінде қайта пайдалану. Бұл талап Solidcore Resources кәсіпорындарының топ-менеджерлерінің жеке бақылауында. Мәселен, Варваринскідегі кәсіпорында жуырда жаңа автоматтандырылған су тазарту жүйесі орнатылды. Ол сағатына 200 текше метрге дейінгі суды тазартып, ауыр металдар, мұнай өнімдері мен органикалық ластаушыларды сүзгіден өткізе алады.

Solidcore Resources орман қалпына келтіру жұмыстарына да белсенді кіріскен. Варваринскідегі кен орны маңында "Асыл орман" жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы 487 гектар аумаққа шамамен 2,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған. 2024 жылы 28 гектарға сынама отырғызу өтті, 2025 жылы тағы 160 гектарға орман егілді. 2030 жылға дейін компанияның басқа өңірлеріндегі жобаларымен бірге бұл көрсеткіш 1 500 гектарға дейін жеткізілмек. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан бойынша жасыл белдеулер желісін құрып, биоалуантүрлілікті сақтау, топырақ эрозиясын болдырмау және өңірлердің су теңгерімін тұрақтандыру.

Компания жабайы табиғатты қорғауды да назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, Аят пен Шортанды өзендерін аэрациялау қыста балықтың қырылуына жол бермейді. Қалдық қоймалары бөгеттері мен желілерде құстарға арналған үркіткіштер орнатылады, ал суық маусымда кәсіпорындар аумағында жануарларға арналған қоректендіргіштер қойылады.

Ауа сапасын жақсарту – тағы бір басымдық. Мәселен, Бақыршық кен кәсіпорнында көмір қазандығы жаңа фильтрация жүйесімен жабдықталды. Бұл жүйе іске қосылғаннан кейін ауаға шығарылатын шаң мөлшері жеті есеге дейін азайған.

"Тазарту жүйесі екі кезеңнен тұрады: алдымен түтін циклоннан өтіп, шаңның 85%-ын ұстап қалады, одан кейін 86,6% тиімділігі бар электрофильтр арқылы өтеді. Нәтижесінде түтіннің 98%-ы тазартылып, ауаға зиянды қалдық шықпайды", — дейді кәсіпорын өкілдері.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі – компанияның маңызды бағыттарының бірі. Декарбонизация стратегиясы аясында Solidcore Resources Варваринскіде 23 МВт-тық күн электр станциясы мен 40 МВт-тық газ станциясынан тұратын энергетикалық хаб салып жатыр. Бұл хаб кәсіпорынның барлық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, Варваринскідегі парниктік газдар шығарындыларын 50% қысқартады. Күн электростанциясы биылғы желтоқсанда іске қосылады, ал газ станциясы 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Кәсіпорындарда шағын жаңартылатын энергия жүйелері де іске қосылған. Вахталық қалашықтарды, жол айырықтарын және жаяу жүргінші өткелдерін жарықтандыру үшін жергілікті күн панельдері қолданылып отыр. Жатақханаларда суды жылытуға күн коллекторлары, ал цехтарда жылу рекуперациясы есебінен жылыту жүйелері пайдаланылады.

Компания жаңа жобаларында да үздік тәжірибелерін ендіреді. Мәселен, Павлодардағы жаңа Ертіс гидрометаллургия комбинатында да айналмалы су жүйесі, жылуды рекуперациялау технологиясы іске қосылады. Соның арқасында кәсіпорын жылу үшін дерлік отын тұтынбайды. Электрификация деңгейі 80%-дан асады – бұл ауаға зиянды шығарындыларды едәуір төмендетеді. Ал қосарлы қаттылықтағы концентраттарды өңдейтін инновациялық автоклав технологиясы дәстүрлі күйдіру пештері сияқты зиянды зат шығарындыларын мүлде болдырмайды.

Қазақстан қандай бағытты таңдады

Қазақстанда экология мәселелері заң жүзінде бекітілген. Жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарға ауаға шығарынды мен суға төгінді бойынша талаптарын күшейтіп, экологиялық бақылауды қатаңдатты, міндетті бағалау рәсімдерін енгізді және бизнестің экологиялық жағынан таза жұмыс істеуге ынталандырды. Бірақ құжат бұл саланың дамуын тежеп отырған бірқатар жүйелі түйткілді ашық күйінде қалдырды.

Бизнес өкілдері үшін ең өзекті мәселелердің бірі – кешенді экологиялық рұқсат (КЭР). Бұл бұрынғы рұқсаттың кеңейтілген нұсқасы, мұнда шығарындылар, төгінділер, су тұтыну, энергия үнемдеу және технологиялық нормативтер бойынша талаптар толық көрсетілген.

КЭР-дің басты артықшылығы – оны алғаннан кейін кен өндіруші кәсіпорындар он жыл бойы экологиялық эмиссия салығынан босатылады. Бірақ маңызды шарт бар: кәсіпорынд қоршаған ортаға әсерді нақты азайтатын немесе мүлде жоятын ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге арналған кешенді жоспар әзірлеп, оны іске асыруы тиіс. Ал негізгі түйткіл – мұндай шаралар өте қымбатқа түседі. Бұл көлемдегі инвестиция кез келген кәсіпорынның қолынан келе бермейді. Әсіресе нарыққа енді кірген немесе қаржылай мүмкіндігі шектеулі кәсіпорындар үшін бұл ауыр жүк.

2019 жылы "Атамекен" ҰКП жанындағы мұнай-газ комитеті жаңа кодекс талқыланған кезде ең озық қолжетімді технология енгізудің экономикалық салдары толық есептелмегенін ескерткен. Сол кезде мамандар ТМК кәсіпорындары үшін мұндай технологиялардың құны тым қымбатқа түсуі мүмкін екенін атап өткен еді.

Биыл мамырда ірі өнеркәсіптік компаниялары мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі басшылығының кездесуінде бұл мәселе қайта көтерілді. Талқылаудың басты тақырыбы – КЭР-ге белгіленген мерзімде өтпеген кәсіпорындар үшін қаржылық салдары. Егер биыл 50 ірі кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, КЭР алуға міндетті болса, 2031 жылдан бастап бұл талап бірінші санаттағы барлық кәсіпорындарға таралады. Талап орындалмаса, экологиялық төлем мөлшерлемесі үш жыл сайын екі есе, төрт есе және сегіз есе өсіп отырады.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова Экологиялық кодекс қабылданған кезде-ақ ең озық қолжетімді технологияны асығыс енгізудің тәуекелдері туралы ескерткенін еске салды. Мəжілістің алтыншы шақырылымында депутат болған кезеңінде ол Еуропаның бұл технологияларға толық көшуге 20–25 жыл жұмсағанын атап көрсеткен.

"Кеңес дәуірінен қалған өнеркәсіптің қазіргі жағдайын ескерсек, біз үшін мұндай жедел көшу объективті түрде қиын. Еуропада бұл үдеріс қомақты қаржыландырумен қолдау тапты, яғни ұзақмерзімді несиелер, қарыздар, “жасыл” облигациялар шығару, бюджет шығыстарын көбейту – осының бәрі кәсіпорындарды жаңғырту үдерісіне ынталандырды", — деді Бижанова.

Оның айтуынша, кодекс қабылданғанда айтылған ықтимал қиындықтар бүгінде өзекті болып отыр. Әр кәсіпорынның жағдайын ескеретін икемді тетік қажет. Ашық деректерге қарағанда, ЭЫДҰ елдерінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізу тау-кен және металлургия саласында 1990 жылдардан бастап кезең-кезеңімен жүргізілді. 2012 жылы BREF стандарттары қайта қаралғанымен, сол кезеңде-ақ ТМК компаниялары озық технологияларды қолданған.

Бизнес үшін мақсат ортақ – экологиялық әсерді азайтып, бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін саланы технологиялық жаңарту.

Экологиялық талаптар саланы толық жаңарту қажет екенін көрсетеді, бұл ұзақ әрі күрделі процесс. Қазақстан кәсіпорындары да осы бағытта нақты мысалдар көрсетіп отыр. Дегенмен ең озық қолжетімді технологияға көшу тек қаржыны ғана емес, нақты жоспар құруды, кезең-кезеңімен енгізуді, түсінікті іс-әрекет алгоритмін және қолдауды талап етеді. Мұнда бизнес үшін маңыздысы – икемділік, ал мемлекеттен күтілетіні – нақты есеп пен нақты қолдау.

Соңғы сұрақ айқын: экологияны жақсарту қажет пе, жоқ па емес, оны қалай жүзеге асыру керек? Мақсат – саланың тұрақтылығын, жұмыс орындарын және экспорттық әлеуетін сақтау.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media