Биыл қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация шамамен 3 есе көбейген. 17 донордың ағзасы 67 адамның өмірін құтқарды. Десе де ағзаға мұқтаж қазақстандықтардың саны күн санап артып барады, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Бибігүл Жүкенова 7 жыл бойы донордың өкпесімен тыныстап келеді. Бүгінде денсаулығы жақсы. Бірақ трансплантацияға дейінгі жағдайы мүшкіл еді.
"Трансплантация керек, ұзақ өмір сүре алмайсың, ең көбі 1,5 жыл" деп жіберген мені. Есеңгіреп қалдым, басында маған жай ғана астма деп жүрді", — дейді ол.
Арада 5 жыл өткен соң Жүкеноваға қажетті донор табылған. Өкінішке қарай, жылына донорды күтіп жүрген 300-дей науқас көз жұмады. Бүгінде күту парағында 4500-ден астам адам тұр. Оның 106-сы – бала. Басым бөлігі бүйрекке мұқтаж.
"Бізде әлі де туыстық трансплантация көбірек болып жатыр – 85 пайыз. 15 пайызы ғана мәйіттік донор. Ал әлем деңгейінде керсінше, 85 пайыз мәйіттік донор да, 15 пайызы ғана туыстық донор болып келеді", — дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.
Бүгінде egov порталында 10 мыңнан аса адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға ерікті түрде келісім берген. Бірақ олардың бәрі бірдей, донорлыққа жарамауы да мүмкін. Яғни инсульт алған немесе жол апаты кезінде миы істен шыққандардың ғана ағзасы алмастыруға келеді.
"Қазіргі таңда 170 адамдай анықталған болса, оның небәрі 17-сі ғана келісім беріп отыр. Егер 170-ті орта есеппен шаққанда 5 ағзаны берсінші адам, 170*5, ол 700-800-ге дейінге кетіп қалады. Сонда 4,5 мың күту парақшасында тұрған адамдардан күту парақшасы да азаяр еді", — дейді Жылгелдина.
Статистика көңіл көншітпесе де, бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі ақырындап өзгеріп келеді. Соңғы бір жылда ағза күтуші науқастар арасында өлім-жітім 4,6 пайызға азайған. Десе де тізімдегі әр жан үшін өмір мен өлім күнделікті таразыға түседі.
Авторлар: Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев, Қанат Абильдин
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз