Дональд Трамп болат пен алюминий импорттауға 25 пайыз баж салығын енгізді.
АҚШ-тағы жаңа тариф бүгіннен бастап күшіне енді. Ақ үй қожайыны осылайша нарықтан шетелдік компанияларды ығыстырмақ.
Есесіне жергілікті өндірушілердің тынысын кеңейтемін деп отыр. Америка басшысының бұл шешімі экспортаушы елдерге қалай әсер етпек? Ал қор нарығындағы ахуал қалай құбылып тұр?
Дональд Трамп АҚШ-тағы болат және алюминий өндірісін жандандыруды қолға алды. Ол үшін сырттан ағылатын тауардың бұл түрін шектемек. Қазірдің өзінде 25 пайыз баж салығын енгізді. Себебі, нарықты импорттық тауар басып алған. Есесіне, бұл бастама қарапайым америкалықтардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Өйткені сырттан келетін шикізат еселеп қымбаттайды. Ал, АҚШ одақтастары Трамп шешімін "агрессивті және әділетсіз" — деп бағалап отыр.
Олаф Шольц, Германия Канцлері:
АҚШ райынан қайтуы тиіс. Әйтпесе, Еуропалық Одақ елдері бірігеді. Біздің нарықта 450 млн адам бар. Бұл үлкен күш деп санаймын. Сондықтан екі жаққа да оңтайлы шешім табылуы тиіс. Өйткені, сауда соғысынан қай тарап болсын, зардап шекпесе, пайда көрмесі анық.
Энтони Албаниз, Австралия премьер-министрі:
- Трамп әкімшілігінің шешімі мүлде заңсыз. Екі ел арасында экономикалық байланыс 70 жыл бұрын орнады. Содан бері бірде-бір келісім бұзылған емес. Біз үшін күтпеген жайт болды. Дегенмен, АҚШ тауарларына қосымша баж салығын енгізе алмаймыз. Өйткені, арада еркін сауда жасау жөнінде келісіміміз бар.
Сарапшылардың айтуынша, Трамптың бұл шешімі Украина экономикасын да шатқаяқтатып тастауы мүмкін. 3 жылдан бері соғыстан көз ашпай отырған ел болат пен алюминий өндірісін онсыз да қысқартқан. Енді жаңа салық түрі енгізілсе, Украина үкіметі 24 млн доллардан қағылуымыз мүмкін, — дейді.
Александр Мироненко, «Метинвест групп» компаниясының директоры:
- Біздің негізгі тұтынушымыз Еуропа елдері. Сондықтан, басты мақсат – еуропалық нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру. Егер АҚШ ЕуроОдақты өз нарығынан ығыстырса, бұл біздің саудамызды жүргізбей қоюы әбден мүмкін.
Әлемдік қор нарығы да шайқалып тұр. Бұған Ақ үй қожайынының қатал сыртқы сауда саясаты кері ықпал етіп отыр, — дейді қаржыгерлер. Мәселен, 3 мыңнан аса компанияның әл-ахуалын көрсететін НасДак индексі бүгін тағы 0,2 пайызға құлдыраған. Ал, 500-ден аса компанияның құнды қағазының құнын көрсететін S&P индексі 0,8 пайызға арзандаған
Сет Сьютел, «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің сарапшысы:
- Трамптың агрессивті сыртқы сауда саясаты инвесторларды үркітіп тұр. Бұл олардың акцияларды жаппай сатуына әкеліп жатыр. Мұны бүгін әуе компаниялары құнды қағаздары бағасының құлдырауынан да анық байқауға болады.
Қор нарығының құбылуы бай-бағландардың да қалтасын қақты. Мәселен, бір ғана Илон Маск 148 млрд доллар жоғалтқан. Ал Марк Цукерберг 5 млрд, "Амазон" компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос 29 млрд доллардан айырылған. Блумберг басылымының есептеуінше, Трамп билікке келгелі әлемнің ең бай 5 адамы 209 млрд доллар жоғалтты. Бесеуі де Америка президенті иннагурациясына қатысқан еді. Әзірге Трампқа жақындығынан оларға қайыр болмай тұр, дейді халықаралық сарапшылар.
Зайнұр Байжігіт