Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы III тоқсанға арналған азық-түлік өнімдерін тұтыну жөніндегі деректерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәліметтер халықтың тұрмыс деңгейі бойынша 11,7 мың үй шаруашылығын қамтыған іріктемелі зерттеу нәтижесінде алынған.
Үй шаруашылықтарының азық-түлік тұтыну шығыстарындағы ең жоғары үлес ет және ет өнімдеріне, сондай-ақ нан мен жарма өнімдеріне тиесілі – сәйкесінше 18,3 пайыз және 7,6 пайыз.
Ет пен ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Алматы қаласында, сондай-ақ, Жетісу, Қарағанды және Ақмола облыстарында байқалған.
Бұл өңірлерде бір адамға шаққандағы орташа тұтыну көлемі тоқсанына шамамен 24 кг. Ал ең төмен көрсеткіш Шымкент қаласында тіркеліп отыр, бір адамға шаққанда тоқсанына – 16,1 кг.
Өңірлер бөлінісінде жекелеген азық-түлік түрлерін тұтыну деңгейі де әртүрлі. Нан өнімдері мен жарма бұйымдарын ең көп тұтынатын өңір – Түркістан облысы, мұнда бір адамға тоқсанына 43,4 кг-дан келеді.
Балық өнімдерін ең көп тұтыну Солтүстік Қазақстан облысында байқалып отыр, мұнда бір адам бір тоқсанда шамамен 5,8 кг балық өнімдерін тұтынады.
Сүт және сүт өнімдерін тұтыну көлемі Ақмола облысында жоғары – бір адамға тоқсанына 83,1 кг.
Ал көкөністер мен жемістерді ең көп тұтынатын өңір – Алматы қаласы, тиісінше 30,76 кг және 36,9 кг.
Жалпы алғанда 2025 жылғы III тоқсан бойынша Қазақстанда жан басына шаққандағы азық-түлік өнімдерін орташа тұтыну көлемі келесідей:
- картоп – 11,3 кг;
- нан өнімдері мен жарма бұйымдары – 31,7 кг;
- ет және ет өнімдері – 21,2 кг;
- жемістер – 29,6 кг;
- қант, тосап, шоколад және кондитерлік өнімдер – 11,4 кг;
- сүт өнімдері – 60,5 кг;
- жұмыртқа – 53,9 дана;
- балық пен теңіз өнімдері – 3,6 кг.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз