Медицинада сирек жасалатын күрделі ота алғаш рет Шымкент қаласында жасалып, сәтті өтті, деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада бүйрек аутотрансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Бұл – науқастың өз бүйрегін алып, қайта қалпына келтіріп, ағзасына қайта салу арқылы жасалатын аса күрделі операция", — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, 57 жастағы науқас соңғы 5 жыл бойы артериялық гипертензиямен ауырған. Кейінгі бірнеше жылда қан қысымы үнемі 250/140 мм сын.бағ. және одан да жоғары болып, өміріне аса қауіпті жағдайға әкелген. Мұндай жағдайда кез келген уақытта мидың қан тамыры жарылып, инсульт алу қаупі өте жоғары.
Ауыр халде түскен науқас толық тексеруден өткен. Нәтижесінде сол жақ бүйрекке баратын артерияның 99 пайызы тарылғаны анықталды. 2024 жылы науқастың құрсақ аортасына стент-графт орнатылғандықтан, дәстүрлі шунттау операциясын жасау мүмкін болмаған. Осыған байланысты мамандар науқастың сол жақтағы бүйрегін алып, оң жақ мықын артериясына қайта орналастырған.
Операция қан тамыры хирургтары мен трансплантологтардың бірлескен жұмысының нәтижесінде сәтті өткен.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, бөлімшеге ауыстырылған. Қан қысымы қалпына келген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз