What are you looking for?

Жалған хабарлама берген: Алматыда үш жасөспірімнің ата-аналары жауапкершілікке тартылды

24.12.2025

Алматы қаласының полиция қызметкерлері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісін анықтады, деп хабарлайды құзырлы органға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаладағы орта мектептердің бірінде оқитын үш жасөспірім бұзақылық ниетпен оқу процесін бұзу мақсатында білім беру мекемесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан.

Тексеру нәтижесінде хабарлама расталмаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Жасөспірімдердің бұл әрекетті саналы түрде жасағаны белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ретінде олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — делінген хабарламада.

Осы орайда Алматы қаласы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев терроризм актісі немесе "минилау" туралы кез келген жалған хабарлама құқық бұзушылық болып саналатынын және бұл үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

"Мұндай жағдайларда жедел қызметтер жұмылдырылады, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысы бұзылады. Сондықтан ата-аналарды балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Бұл –ешқандай да әзіл емес", — деді ол.

Полиция ата-аналарға мынадай ұсыныстар береді:

  • балалардың интернетте қалай және қайда уақыт өткізетінін бақылау;
  • қандай чаттар мен онлайн ойындарға қатысатынын қадағалау;
  • жалған хабарламалар мен арандатушылық әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіру;
  • жасөспірімдер арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media