What are you looking for?

Қытайлар құмның көшуін раушан гүлімен тоқтатпақ

06.03.2025

Қытайлар шөлейтке раушан гүлін егуге кірісті. Еріккеннен емес әрине. Осы арқылы көшкен құмды тоқтатпақ. Тың тәсілді ғалымдар ұсынып, жергілікті тұрғындар жүзеге асырып жатыр. Қазір миллиондаған түп көшетті егу жұмыстары басталып кетті.

Қытайда шөл далалардың аумағы үлкейіп барады. Әсіресе, Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданында мәселе өткір тұр. Ұйытқыған жел құмды көтеріп, бірте-бірте жылжыған. Салдарынан жайылым тарылып, кейбір елді мекендерге экологиялық қауіп төнді. Қазір бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып отыр. Ғалымдар жұмылдырылып құм тоқтатудың түрлі тәсілі қолданылуда. Енді олар көшпелі құмның бетін раушан гүлмен қайтармақшы.

Цай Сяньфу, жергілікті тұрғын:

- Раушан гүлдің тамыры берік, әрі суға төзімді келеді. Гүлдің бұл сұрпы тамыр жайып сабағы тез өсіп шығады. Алдағы 2-3 жылда гүлден қорған бой көтереді. Раушаннан жасалған қоршаудың ені 2-3 метрге дейін жетеді. Бітік әрі қалың шыққан жағдайда желді өткізбейді. Сәйкесінше құмның көшуіне тосқауыл болады.

Егілген гүлдер тамшылату технологиясымен суарылады. Жергілікті билік биыл 3 миллион түп раушан егуді көздеп отыр. Өсімдіктер өніп, шөлдің беті гүл бағына айналса оны көруге асығатындар да аз болмайды. Демек инфрақұрылымның да ауылы алыс емес. Туризм де дамиды. Ал ішкі Монғолия автономдық ауданында Бадын-Джаран мен Тэнгэр шөлдерін кәдімгі сабанмен тоқтатып жатыр. Чжан Юйонг, Орман шаруашылығы жөніндегі бюроның бас инженері:

- Шөлдің аумағы үлкен. Жұмысшылар жеткіліксіз. Шөпті тасуға дрондарды қолданып жатырмыз. Біз алдымен құм бетін сабан торлап қоршаймыз. Жоба тәртібіне сай әрқайсысының ені мен ұзындығы бір метрден болады. Қоршалған жердің ішіне көшеттер отырғызылады.

Бұдан бөлек күннен қуат алатын фотоэлектрлі қондырғылар орнатылып жатыр. Бұл да көшпелі құмға қарсы амалдың бірі. Қазір белдеудің 1425 шақырым бөлігінде құрылыс аяқталған.

Пан Цзинцзюнь, Орман және жайылым басқармасы директорының орынбасары:

- Әлі істелмеген 430 шақырым жер бар. Ол жаққа құмда өсетін өсімдіктерді көбейтіп жатырмыз. Бұдан бөлек инженерлік тәсілдер де қолданылады. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өсімдіктердің дені Сары өзеннің төменгі бөлігіндегі Хэси дәлізі, Нинся және Хэтао жазықтарына қондырылады.

Жасыл белдеу салу жұмысы мұнымен аяқталмайды. Бұл Қытайда шөлейтті жерлерді орманға айналдыру бойынша жүзеге асырылып жатқан «Үш солтүстік» мега жобасының бір бөлігі ғана. Экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған бағдарлама 2050 жылға дейін жалғасады.

Social Link

Follow Me On Social Media