Қазақстандықтар енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстыра алады, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
"Ұлттық цифрлық технологиялар" деректеріне сүйенсек, бұл жаңа қызмет құжатының жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда, оны жоғалтқанда, ұрлатқанда немесе төлқұжат деректері өзгерген кезде қолжетімді. Қызмет іске қосылған сәттен бері оны 7 000-нан астам адам пайдаланған.
Бұл қызметтің ыңғайлы тұсы – бұрын берілген жеке куәлік немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі. Негізгі шарт – фотосуреті бар құжат үш жылдан аспайтын мерзімде шығарылған болуы керек.
Қызметті пайдалану үшін:
eGov Mobile қосымшасына кіріп, авторизациядан өту қажет.
"Қызметтер" бөлімінен "Жүргізуші және көлік" санатын таңдап, "Жүргізуші куәлігін беру" қызметін басу керек.
Құжатты алу үшін ХҚКО таңдау, ауыстыру себебін көрсету, фотосурет пен қолтаңба үлгісін жүктеу, байланыс нөмірін енгізу қажет.
Мемлекеттік баж салығын 4 915 теңге көлемінде төлеу керек.
Өтінішті Face ID немесе Touch ID арқылы растау қажет.
Нәтиже "Хабарламалар" бөлімінде көрсетіледі.
Өтініш мақұлданғаннан кейін жүргізуші куәлігін таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлік пен ескі жүргізуші куәлігін көрсету арқылы алуға болады. Егер ескі құжаттың жарамдылық мерзімі әлі аяқталмаса, ол жаңа құжат дайын болғанша күшінде қалады.
Қызмет eGov.kz порталында да қолжетімді
Бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру тәртібін қатаңдату ұсынылғаны хабарланған еді. Елімізде көлік жүргізуге рұқсат алу үдерісі тым жеңілдетілген, сондықтан оған қайта қарау қажет. Бұл туралы сенатор, 2019-2024 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған Марат Қожаев мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз