ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, елімізде кітап оқуға бөлінетін уақыттың аздығын және оқу дағдарысы орын алып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстандықтар жылына небәрі 65 сағатты ғана кітап оқуға арнайды. Бұл көрсеткіш басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Қытайда бұл көрсеткіш – 154 сағат, Жапонияда – 135 сағат, Оңтүстік Кореяда – 125 сағат. Кітап оқу – мәдениеттің кілті, өркениеттің өзегі! Осы мәселені мемлекеттік деңгейде көтеретін уақыт жетті», деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Оның айтуынша, 2021 жылы жүргізілген PIRLS халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеген.
«Цифрлық дәуірдің дамуы кітап оқуға деген көзқарасты өзгертті. Интернет пен әлеуметтік желілер қысқа форматтағы контентті тұтынуға итермелеп, терең оқуға уақыт бөлуді азайтып жіберді. Нәтижесінде, адамдар интернеттегі мәтінді орта есеппен 55 секунд қана оқиды. Бұл оқудың адам санасына беретін артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндік бермейді», деді депутат.
Депутат басқа елдердің оқу тәжірибесін мысалға келтіріп, АҚШ пен Еуропадағы университеттерде студенттерге міндетті түрде кітап оқу талабы қойылатынын атап өтті. Сондай-ақ ата-аналардың кітап оқуға деген ынтасының балалардың оқу үлгеріміне тікелей әсер ететінін айтты.
«Ересектерге келетін болсақ. Ата-аналардың кітап оқуға деген көзқарасы балалардың кітап оқуға деген ынтасы мен оқу үлгерімін арттыруға байланысы бар екені анықталған. Жоғарыда атап өткен PIRLS-2021 зерттеуіне сәйкес Ересектердің оқығанын көрген балалар да сондай әдет қалыптастырады. Қазақстанда ата-аналары кітап оқуды жақсы көретін оқушылардың үлесі (17%) әлем бойынша орташа көрсеткіштен (31%) екі есе дерлік аз. Ал PIRLS-2016-мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9%-ға төмендеді», деді Н.Байтілесов.
Осыған байланысты, Нұрсұлтан Байтілесов кітап оқу мәдениетін дамыту үшін келесі шараларды ұсынды:
- Барлық оқу мекемелерінде ғылыми негізделген оқу әдістерін енгізіп, кітап оқудың тиімді тәсілдерін жасайтын ресурстарды пайдалану;
- Республикалық және аймақтық деңгейде тұрақты түрде кітап оқу сағаттары мен апталықтарын ұйымдастырып, халықтың назарын кітап оқуға аудару;
- Жергілікті әкімдіктердің тұрғындар арасында оқу сайыстары мен түрлі байқаулар өткізуін қамтамасыз ету.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру керек» деп атап өтті. Біз осы бағытта нақты шараларды қолға алуымыз қажет», деді депутат.
Сонымен қатар депутат Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, Ерінбе оны оқып көруге» деген сөзін еске салып, мемлекет деңгейінде кітап оқуды дәріптеу қажеттігін баса айтты.