«Амал» мейрамы, «Көрісу» күні Маңғыстау өңірінде дәстүрге сай 13 наурыздан бастау алады. Биыл да аймақ тұрғындары бұл игі дәстүрден жаңылмай, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде жиналды. Ақтаудан 150 шақырым жердегі тау басында бабалар рухына құран бағышталып, «Бірлік» оты жағылды .
Талғат Исламұлы, тілші:
- Біз қазір Қаратаудың ең биік шоқысы Отпан таудың басында «Адай ата» кесенесінің алдында тұрмыз. Теңіз деңгейінен 532 метр биікте «Бірлік» оты жағылып, бабалар рухына құран бағышталды. Биыл мерекелік бағдарламаны 10 мыңнан астам адам тамашалайды деп айтылды. Жалпы Маңғыстаудың ең биік шыңында от жағу дәстүрі ертеден бастау алады. Тарихқа үңілсек, қазақ батырлары елге қауіп төнген сәтте тау басында от тұтатып, көмек шақырған. Сол жерге шұғыл әскер аттанып, жаудың бетін қайтарған. Бүгінде ата дәстүр еліміздегі бірлікті әлемге дәріптейді.
«Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің «Қарашаңырақ» алаңына күндіз ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыс-жақыннан келген ағайын бір-бірімен құшақ жая көрісті. Ертең мұнда ат бәйге, қазақтың шашақ құлақты тазылар жарысы секілді ұлттық спорт сайыстары, «Амалдың ақ дәмі» атты театрландырылған қойылым өтеді.
Бір айта кетерлігі, Амал мейрамы жыл асқан сайын халықаралық сипатқа ие болып келеді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген өнерпаздар ертең де көпшілік алдында өнер көрсетеді. Бүгінгі бағдарлама түнгі 11 шамасында мерекелік отшашумен түйінделеді.