Бокстан олимпиада және әлем чемпионы Данияр Елеусінов UFC басшысы Дана Уайт жуырда құрған боксёрлік промоутерлік орталықтың спортшысы атанды.
Бұл туралы All Stars Boxing промоушені хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Данияр Елеусінов Дана Уайттың жаңа бокс промоушеніндегі алғашқы қазақстандық боксшы", – делінген жазбада.
5 күні құрамына UFC және WWE кіретін TKO Group Сауд Арабиясының ойын-сауық басқармасымен жаңа бокс промоушенін құру туралы көп жылдық келісімге келген. Дана жылдар бойы жекпе-жек индустриясында өзіне тең келетін ешкім жоқ екенін дәлелдеп келе жатқандықтан, бокс әлемі бұл одақты өте перспективалы деп бағалап жатыр. Ал одақты қадағалайтын Саудиялық басқарма басшысы Турки Аль аш-Шейхтың ақшасы промоутерлік орталықта ең батыл идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Дана Уайт Сауд Арабиясының промоутерлерімен бірлесіп, жаңа бокс лигасының құрылғанын жариялаған болатын. Жаңа жобаның басты ерекшелігі – қазіргі төрт негізгі ұйымнан тұратын жүйеден айырмашылығы, әр дивизионда тек бір ғана чемпион болады.
Данияр Елеусінов 2016 жылғы Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері, 2013 жылғы әлем біріншілігінің чемпионы. Кәсіпқой бокста жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. Былтыр қыркүйекте филиппиндік боксшымен шаршы алаңға шығып, жеңіске жеткен. Ол 2018 жылы танымал промоутер Эдди Хернмен келісім жасасып, Matchroom Boxing компаниясы аясында кәсіпқой реингке шыққан болатын.