Амал мерекесі Алматыда да кеңінен тойланып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қала тұрғындары мен қонақтары көктемнің келуін қарсы алу үшін Көктөбеге жиналды. Дәстүрге сай бұл шуақты күні адамдар бір-бірімен жылы жүздесіп, қол алысып, амандық сұрасады.
Жастар үлкендерге құрмет көрсетіп, батасын алады, ал көпшілік бір-біріне жақсылық пен молшылық тілейді.
Алмас Садуақас, тілші:
- Көптен күткен көктемнің шуақты күні Алматыға да жетті. Бүгінгі ауа райы ерекше тамаша! Көктөбедегі Көрісу күніне қала тұрғындары көптеп жиналып, мерекелік көңіл-күйге бөленуде. Келушілердің қарасы әлі де қалыңдап келеді. Бұл мерекеде ән мен би, көңілді думан ерекше орын алуда. Елімізге танымал сахна саңлақтары мен эстрада жұлдыздары – Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова көктемге арналған әсем әндерін шырқайды.
Сондай-ақ «Жігіттер» тобы мен «Алатау» театрының әртістері өз өнерлерін ортаға салады. Айта кету керек, бүгін түскі сағат 13:00-ге дейін Көктөбе аспалы жолы қала тұрғындары үшін тегін! Бұл – мерекелік көңіл-күйді арттыра түсетін тамаша мүмкіндік.