Малдардың иесiз, бос жүруi түрлі қайғылы жағдайларға себеп болып жатыр.
Жамбыл облысында малын қараусыз қалдырған 300-ге жуық азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, өткен жылы жүргізiлген талдау нәтижесіне сәйкес, үй жануарларымен соқтығысу салдарынан 30 жол апаты болды. Соның салдарынан жеті адам қаза болып, 38 адам түрлі жарақат алды.
"Малдардың иесiз, бос жүруi түрлі қайғылы жағдайларға себеп болып жатыр. Қараусыз мал адам өліміне әкеп соққан жол апатына себепкер болып жатқанын мал иелері түсінуі керек. Олардың өз малына немқұрайлы қарауы орны толмас жағдайларға әкеп, адам тағдырына әсер етуі мүмкін. Одан бөлек, далада қараусыз қалған малды ұрылар оңай айдап әкетеді. Жыл басынан бері малын бақылаусыз қалдырған осындай 280 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – дейді полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Жалдығараев.
Оқи отырыңыз: Құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Жамбыл облысының полиция қызметкерлері жолдың бойында, жайылымдарда малдардың иесiз жүруi бойынша рейдтiк iс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарға малды қараусыз қалдырмауды, әсіресе жолдарға жақын аумақтарда оларды малшылардың бағуын ұйымдастыру мәселесіне қатаң назар аударуды сұрайды.