What are you looking for?

Президент ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанын айтты

14.03.2025

Президент Ұлттық құрылтайда өзінің бастамасымен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет, — деді ол.

Мемлекет басшысы көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет екенін мәлімдеді.

Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек, — деді Тоқаев.

Президент жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керектігін баса айтты.

Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім, — деді ол.

Оның пікірінше, ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі.

Social Link

Follow Me On Social Media